Елордада ерекше фотокөрме өтіп жатыр
Астанада «Наурыз – архив деректерінде» атты фотоқұжаттық көрме өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгінгі көрме әз-Наурыз мейрамына арналып отыр. Өздеріңізге мәлім, Президенттің тапсырмасымен Наурызды тойлау мүмкіндігі кеңейіп, жаңаша көзқараспен тойлануда. Наурызнама аясында Астана қаласының мемлекеттік архиві қорымыздағы бай мұрамызды халыққа дәріптеу мақсатында Наурызды XX ғасырда қалай тойланғаны туралы құжаттар көрмесін арнайы ұйымдастырып отырмыз», - деді Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.
Көрмеде 1927 жылғы 16 наурыздағы «Наурыз» күнін өткізу жөніндегі Ақмола уездік атқару комитеті комиссиясының хаттамасынан үзінді, 1998 жылы Целиноград қаласында алғаш рет өткен «Наурыз» мерекесінің бағдарламасы, 1989 жылы 19 наурызда «Коммунизм Нұры» газетінде Целиноград қаласының мәдени-ағарту мекемелерінің 1989 жылғы жұмысы туралы есептері жарияланған, Целиноград қалалық мәдениет бөлімінің 1990 жылы Целиноград қаласында Наурызды мерекелеуге орайластырылған қалалық ақындар айтысы өткізілгені туралы ақпараттық есебі, Қ.Қуанышбаев атындағы Ақмола облыстық драма театрының әртістері дайындаған Наурызға арналған театрландырылған қойылым өткізгені, Целиноград қалалық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің 1991 жылы «Наурыз-91» жалпықалалық мерекесін дайындау және өткізгені туралы фотоқұжаттар көпшілік назарына ұсынылған.
«Бұл көрмеге келіп, тамаша көрініске куә болып жатырмын. Астана қаласы мемлекеттік архивінің Наурыз мейрамына орай көне фотоқұжаттармен көрме ұйымдастырып жатыр. Себебі адамдар архивке көп бармайды ғой. Бірақ онда керемет құнды ақпараттардың барын еске түсіру үшін көрме көп болу керек. Бастысы архив қызметкерлері мұндай іс-шараны халық көп келетін жерге ұйымдастырғаны қуантады. Бұл журналистерге, әдебиетшілерге, тарихшыларға, жалпы өзіміздің тарихмызды білгісі келетін қауымға арналады. Бұл – өте құптарлық іс», - деді Астана қаласының тұрғыны Айгүл Ермекова.
Мольберттерде орналасқан көрме өнер галереясына жақын атмосфераны қалыптастырады және көрерменнің әрбір архив құжатын мұқият қарауына мүмкіндік береді.