Елордада Д.Қонаев көшесінде көлік қозғалысы қайта ашылды
Астанада бүгіннен бастап Д.Қонаев көшесі бойында көлік қозғалысы қайта жанданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қозғалыс Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықта қалпына келтіріледі.
«Нысанның жерүсті бөлігінде негізгі құрылыс жұмысы аяқталды: жаңа жол жамылғысы төселді, таңбалар сызылды, қажетті жол белгілерінің барлығы орнатылды. Аталған учаске толықтай пайдалануға дайын.
Қазіргі уақытта көпір өткелі құрылысының үстіңгі бөлігінде және іргелес аумақта әрлеу және абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Осы учаскеде қозғалыстың қайта ашылуы елорданың орталық аудандары арасындағы көлік байланысын айтарлықтай жақсартып, көршілес магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға және қала тұрғындары мен қонақтарының жолға кететін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.