Елорда жаңалықтары

Елордада бизнес үшін электр энергиясы арзандады

Астанада 1 қарашадан бастап электр энегриясы үшін тариф заңды тұлғаларға 12% - ға, ал бюджеттік ұйымдарға 28% - ға төмендеді. Бұл туралы Elordainfo.kz Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап хабарлады.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне электр энергиясын бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтердің бағасын ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 25,98 теңгеге дейін төмендету туралы хабарлама берді.

«Атап айтқанда, заңды тұлғалар үшін тариф ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 27,67 теңгені құрайды, бұл 12% - ға төмен, ал бюджеттік ұйымдар үшін бекітілген сома 53,06 теңге, яғни 28% - ға арзандайды.  Төмендетілген тарифтер биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енеді. Тарифті төмендету үшін тұтынушылардың реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясының кепілдік беретін жеткізушісі — «Астанаэнергосбыт» ЖШС-не ауысуы негіз болды. Бұл кепілдік беруші жеткізушінің көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюына әсер етті, бұл өз кезегінде тарифтің төмендеуіне ықпал етті», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың маусым айында елордада заңды тұлғалар үшін тариф 18% - ға төмендетілді, қазіргі уақытта тарифтің жалпы төмендеуі 30% - құрайды.

Осылай, 2024 жылғы 1 қарашадан бастап бизнес үшін тариф ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 27,67 теңгені құрайды.

Жыл соңына дейін елордада жеке тұлғалар үшін электр энергиясы тарифі сақталады.