Елорда жаңалықтары

Елордада биылғы соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

Ақмола, Қостанай және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері биылғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аяқтау үшін елордаға 800 тоннаға жуық өнім әкелді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеде ет, сүт, көкөніс, жарма, ұн және кондитерлік өнімдерді сатып ала алады.

«Жәрмеңке – қала тұрғындары үшін сапалы өнімді тікелей сатып алуға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға тамаша мүмкіндік. Біз маусымды осындай ауқымды іс-шарамен аяқтағанымызға қуаныштымыз», – деп атап өтті Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Дархан Отызбаев.

Естеріңізге сала кетейік, жәрмеңке осы демалыс күндері Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

«Маған жәрмеңкеде сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алу өте ұнайды. Ассортимент үлкен және әсіресе өнімдердің табиғи екені қуантады. Мұнда музыка ойнап, әртістер өнер көрсетіп, жұртқа көңіл күй сыйлап жүр», – деді қала тұрғыны Олжас Нұрғожаев.

Сондай-ақ, жәрмеңкеге келушілер концерттік бағдарламаны тамашалай алады.