Елорда жаңалықтары

Елордада бір мезетте үш мыңнан аса домбырашы «Балбырауын» күйін орындады

Осылайша бұл өнер әлеміндегі ерекше жарқын оқиға Қазақстанның Гиннес рекордтарын тіркеу кітабына енді, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты ауқымды іс-шарада үш мыңнан астам астаналық домбыра үйірмелеріне қатысушылар Құрманғазы Сағырбайұлының шоқтығы биік «Балбырауын» күйін бір мезгілде күмбірлетті. 

«Қазақстанда мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы 2021 жылдан бастап іске асырылуда. Оның мақсаты – 4 пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөпірімдерді тегін үйірмелермен қамту, олардың бос уақытын тиімді өткізіп, өнерге деген қызығушылығын арттыру. Астана қаласы бойынша жоба аясындағы тегін үйірмелерге 26 мың оқушы қатысады. Міне, бүгін осындай домбыра үйірмесіне қатысатын үш мыңнан аса елордалық оқушыны жинап, бір мезетте күй орындалды. Мақсат - еліміздің рекордтар кітабына ену. Әдетте күй үйірмесіне қатысушылар әуелі «Балбырауын» күйінен бастап үйренеді ғой, сондықтан күй атасының осы дауылпаз күйі таңдалды. Сонымен қатар, үйірмеге қатысушылардың өнерін бағаламақпыз. Мұндай ауқымдағы іс-шара елімізде 1-ші рет ұйымдастырылып отыр», - деді Астана қаласы бойынша мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру мекемесінің басшысы Ерлан Жалғас. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 20 жылдан бері Қазақстан Гиннес рекордтар кітабына жылына 20-30 рекорд тіркелсе де, осы іс-шара өзінің ауқымы жағынан, ерекшелігі жағынан ең алдыңғы лекке шығып отыр. 

«Бұған дейін ешқашан бір залда 3200-ден астам музыкант күй немесе басқа музыкалық шығарма орындап көрген жоқ. Бұл жөнінде осы іс-шара осыған дейінгі елімізде орнатылған рекордтарды басып озып отыр. 
Әлем бойынша да ең үлкен музыкалық рекордтардың бірі болғалы отыр деуімізге болады. Десе де біздің негізгі мақсатымыз - осы күй мерекесін ел аймағы бойынша Қазақстан рекордтар кітабына тіркеу. Ал бұл мақсатымызға бүгін толық жеттік деп айта аламыз. Осы процесті арнайы сарапшыларымыз бақылап отырды. Балалардың санын 8 сарапшы, ал күйдің орындалу сапасын 4 сарапшы саралады», - деді Қазақстан Гиннес рекордтар кітабының ресми  өкілі Қуандық Құдайбергенов. 

Күй мерекесіне мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек дирижерлік етті. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да үйірмелердің қатысуымен осындай іс-шаралар жиі өткізілетін болады.