Елорда жаңалықтары

Елордада бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат кетеді

Тамыз айынан бастап ата-аналар балаларын мектепке дайындауды бастайды. Оқушыға қажетті киім-кешек пен кеңсе тауарлары әдеттегі сауда үйлерінде, базарларда және онлайн дүкендерде толып тұр. Мұндай жағдайда ата-аналарды «мектеп құралдары мен киім-кешек қанша тұрады?» деген сұрақ мазалайды. Осы орайда Elorda.info тілшісі бір оқушының қажеттіліктерін түгендеуге қанша қаржы қажеттігін зерттеп көрді.

Қазіргі таңда елордада «Мектепке жол» акциясы аясында дәстүрлі жәрмеңке өтіп жатыр. Акция аясында кеңсе тауарлары мен мектеп формасын қолайлы бағамен сатып алуға болады. Мектепке дайындыққа қанша қаражат керек екенін есептеу үшін қаладағы «Аймақтау» сауда үйінің маңындағы мектеп жәрмеңкесінде болдық. 

Шолуда мектепке ең қажетті заттар, яғни мектеп формасы, аяқ-киім, дене шынықтыруға арналған форма, спорттық аяқ киім, ортопедиялық рюкзак және кеңсе тауарларының жиынтығы есепке алынды.  

Мектеп жәрмеңкесіндегі орташа бағаны есептеу үшін алдымен кеңсе тауарларына тоқталдық. Тауарлар бағасы сапасы мен брендіне қарай әртүрлі болып келеді. Мәселен  қыздарға арналған мектеп сөмкесі 4000-6000 мың аралығында, ал ұл балаларға арналған рюкзак 5000 мыңнан басталып 8000 мыңға дейін жетеді. Ал сәні де келіскен әрі матасы сапалы рюкзактар 10 мың теңге тұрады. Қарапайым дәптердің бір данасы 25 теңгеден сатылса, арнайы пәндерге арналған көпбетті дәптер 120 теңгеден басталады. Егер баланың барлық оқу-құралын бір жерден алатын болсаңыз, сатушылар дәптер бағасына жеңілдік жасайды. Кейбірі 20 дана қарапайым жазу дәптерін тегін береді. Күнделік бағасы оның дизайны мен сапасына қарай 400-700 теңге аралығында сатылып жатыр. Қайшыны 150 теңгеден алуға болады, ал желім 250 теңге тұрады. Қаламның бір данасы 30 теңге, ал қарындаш бағасы қораптағы түстерге байланысты 400 теңгеден басталады. Еңбекке баулу сабағына қажетті пласталин 450 теңге, бояу 500 теңге және сурет дәптері 650 теңгеден басталып, парақтар саны мен сапасына қарай 1000 теңгеге жетеді.

Жалпы бір оқушының кеңсе тауарларына 10 мыңнан 15 мыңға дейін қаржы кетеді. Ал егер жоғарыда аталған тауарлардың ең қымбатың алып есептесек, бір балаға 20 мыңнан асып кетеді.  

10 жыл бойы кеңсе тауарларын сатуымен айналысып жүрген  елордалық кәсіпкер Сұлушаш Айбергеннің (аты өзгертілді ) айтуынша, оқу құралдары өткен жылға қарағанда арзан сатылып жатыр. 

«Биыл алдын ала кеңсе тауарларына тапсырыс беріп, жәрмеңкеде барынша төмен бағада сатып жатырмыз. Егер салыстыратын болсақ, биыл оқу құралдары арзан. Былтыр мұндай баға болмаған. Мысалы сауда үйлерінде ортопедиялық рюкзак 15-20 мың аралығында сатып жатыр. Ал жәрмеңкеде мұндай сөмкелер 10 мың теңге тұрады. Егер ата-аналар оқу құралдары ішіндегі ең маңызды заттарды бір сатушыдан алса, әрине жеңілдік жасалады. Ол тек бізге ғана емес, ата-аналарға да ыңғайлы ғой. Арзанға сатып тұрсақ та, келушілер бағасын тағы да түсіруді сұрайды»,- дейді сатушы. 

Киім-кешек құнына тоқталмас бұрын, әр білім ордасының өз мектеп формасы болатынын ескеру қажет. Оны тіктіру бағасы да әртүрлі. Сондықтан да жәрмеңкеде қарапайым классикалық киім бағасын есептедік. Мәселен қыздарға арналған ақ жейде 6000 теңге, белдемше 4000-7000 мың аралығында сатылып жатыр. Сарафанның ең арзаны 6500 теңге. Ал ұлдарға арналған костюм 20 мыңнан басталады. Ақ жейдені 5000 теңге табуға болады. Спортқа арналған киім 13 мыңнан жоғары тұрады. Классикалық аяқ киім бағасы 12 мыңнан басталып 16 мыңға дейін жетеді. Ол әдемілігі мен брендіне байланысты саудаланып жатыр. Спорттық аяқ киім де ыңғайлылыға қарай 14 мыңнан басталады.  Киім-кешек сатушылар да ата-аналарға жеңілдік жасайды. Егер балаңызға қажетті киімдерді бір орыннан алсаңыз, әр киім бағасынан 500 теңгеден 1000 теңге дейін жеңілдік жасайды. 

Жоғарыда аталған тауарлардың бағасын есептесек, қыздарға арналған киім-кешекке 70 мың шамасында ақша кетеді. Ұлдар үшін 80 мыңға жуық қаражат керек. Ал жалпы бұл тізімге кеңсе тауарлары,  қосымша аяқ киім, футболка, жылы жейде, бантик пен  галстук  сияқты заттардың бағасын қоссақ, бір балаға 100 мыңға дейін ақша жұмсалады. 

Жәрмеңкені аралып жүріп балаларын мектепке дайындап жүрген  анамен тілдестік. Қала тұрғыны Салтанат Исатаеваның сөзінше, көпбалалы отбасыға оқу-құралдарын бір жерден алған тиімдірек. 

«Біз жыл сайын мектеп жәрмеңкесіне келеміз, бағаларды салыстырамыз. Қазір оқуға қажетті заттарды онлайн дүкендерден де алуға болады. Бірақ жәрмеңкеде сатушылар жеңілдік жасайды. Мен көпбалалы ана болғандықтан барлығын бір сатушыдан алуға тырысамын. Сонда бір баланың оқу құралына 8 мың теңге кетеді»,- дейді қала тұрғыны. 

Айта кетейік, елордада жетім балаларға, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету үшін ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы жалғасып жатыр. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, акция аясында жалпы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мектептердің әлеуметтік педагогтары мұқтаж балалардың тізімін қалыптастыруда. Жалпыға бірдей білім беру қоры шеңберінде әлеуметтік осал санаттағы 14 500 баланы қамту жоспарлануда. 2024-2025 оқу жылында материалдық көмектің мөлшері бір балаға 43 407 теңгені құрайды.

Ал мектеп жәрмеңкесі 31 тамызға дейін жұмыс істейді. Атап айтқанда:
- «Аймақтау» СҮ 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
- «Тұлпар» СҮ 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін.
- «Magnum» супермаркеті (Тұран даңғылы, 55Д) 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін тәулік бойы жұмыс істейді.
- «Анвар» супермаркеті (Тұран даңғылы, 45) 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін.
- «Тұмар» СҮ (Сығанақ көшесі, 1Б) 1 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін.
- «Сарыарқа» СОО (Тұран даңғылы, 24) 15 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін.
- «Рахмет» СО 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін.
- «Джафар» СО 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін.
- «Көктал» СОО 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін.
- «Әсем» СОО 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін.
- «Astana Mall» СОО 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін.
- «Аружан» СОО 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін.