Елордада бір аптада 7 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған
Өткен аптада елордада жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 7214 жағдайы тіркелді, ол 100 мың тұрғынға шаққанда 494,9 аурушаңдық көрсеткішіне тең. Бұл туралы бүгін Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спикердің айтуынша, Астанада 8 медициналық ұйымының базасында тұмауды бақылауға эпидемиологиялық және зертханалық қадағалау жүргізіледі. Олар ауру белгілері тұмауға ұқсас науқастардан іріктеп сынама алады. Ал оң нәтижелі вирустарға генетикалық зерттеу жасалады. Бұл мақсатты топтар арасында эпидемиологиялық жағдайды бағалауға және жалпы популяция туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Осы эпидемиялық маусымда зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша ЖРВИ және тұмаумен ауырғандар арасында 1 пациентте А типті тұмау вирусы(H1N1) pdm09 анықталды. Тұмаусыз вирустарға келсек, парагрипп 1 - 5, парагрипп 3 - 2, парагрипп 4 - 1, риновирус-71, аденовирус - 14, бокавирус -15, коронавирус - 12, РС - вирус - 21, микствирус-9 науқас анықталды», - деді ол.