Елорда жаңалықтары

Елордада бильярдтан дәстүрлі турнир мәреге жетті

Республика күніне орай және Мәслихаттардың 30 жылдығы аясында «Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен журналистер мен жазушылар арасында бильярд жарысы аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Осымен үшінші рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жатқан турнирге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, медиаменеджерлер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым және баспасөз өкілдері қатысты.

Жарыстың бас төрешісі Несiп Жүнicбайұлы болды. Нәтижесінде  қатысушыларға қомақты жүлде қорынан бөлек арнаулы сыйлықтар таратылды. Үздік ойын көрсеткен «Мәдениетті ойыншы» номинациясы қоғам қайраткері Дархан Мыңбайға, «Мерген ойыншы» Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанға, «Шебер ойыншы» номинациясы ардагер журналист Кенже Жұмағұловқа, «Үздік дуплет» номинациясы Талғат Ешенұлына бұйырды.

Ал «Астана ақшамы» газетінің бір жылдық тегін жазылымы «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің Республика мерекесіне және Астана қалалық мәслихатының 30 жылдығына арналған журналистер арасындағы бильярд турнирінде үздік ойын көрсеткені үшін Несіп Жүнісбайұлы,  ал дәл осындай мәтіндегі «Вечерняя Астана» газетінің грамотасы Аяған Сандыбайұлына табысталды. Сонымен қатар номинаттар Қазақстан Мәслихаттарына 30 жыл медалімен марапатталды.

Ал финалға шыққан ардагер журналист Тұрмағанбет Ердешұлы мен Дәулеткерей Кәпұлының жарысы шын мәнінде тартысқа толы болды. Нәтижесінде жарыстың жеңімпазы ақын Дәулеткерей Кәпұлына бұйырса бірінші орын Тұрмағанбет Ердешұлының қанжығасына байланды.

«Бұл мереке біз үшін ұлы той.  Қадірі Тәуелсіздік күнінен кем емес Республика күнінің осындай дәрежеде тойланып жатуы шын мәнінде біздің егемендікке деген құрметімізді білдірсе керек.  Бірінші кезекте Еркебұлан Қайназар бауырыммен, содан кейін Базарбек Түкібайды ұтып, жартылай финалда осы жарыстың жеңімпазы болады деген Ахмет Қайратұлымен сайысқа түстім.  Сөйтіп финалда жазушы, ардагер журналист Тұрмағанбет Ердешұлын ұтып жеңіске жеттім. Шын мәнінде Республика күніне орай осындай жарыстарды ұйымдастырып тұру қаламгерлерді,  ардагерлер мен жастарды жақындастырады. Өйткені мұнда жеңу мен жеңілу мәселесі емес,  керісінше ұрпақ сабақтастығының көрінісі алға шығады қашанда»,  -деді Дәулеткерей Кәпұлы.