Елорда жаңалықтары

Елордада «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» зейнеткерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін №7 балалар спорт комплексінде Өндіріс тұрғын алабының зейнеткерлеріне арналған «Қарттарым – асыл қазынам» мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ұйымдастырған концертте тек ойын-сауық бағдарламасы ғана емес, қала әкімдігіне қарайтын орталықтың ардагерлерге ұсынатын қызметтері туралы да кеңінен түсініктеме берілді. Мәселен, мұнда зейнеткерлер үшін тегін дене шынықтыру, үстел теннисі, қолөнер, вокал, хор үйірмесі, иога, тыныс алу гимнастикасы бөлмесі ашылған.

Мерекелік іс-шарада Байқоңыр ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» директоры Мұхтар Еркетаев, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Айсұлтан Жақыпбек сөз сөйлеп, зейнеткерлерді мерекемен құттықтады.

«Зейнеткерлер егде тартқан шағында қоғамға керексіз болып үйде жалғыз отырып қалмай, ортамен араласып, денсаулығын нығайтып, көңілін көтеру үшін осындай орталықтар ашылып отыр. Мұнда келген ардагерлер бір-бірімен шүйіркелесіп, шай ішіп, өнер-білімімен бөлісіп, спортпен шұғылданып, мәре-сәре болып жатады. Олардың денсаулығын нығайтып, көңіл-күйлерін көтеру арқылы қариялардың өздерін қоғамның белсенді бір мүшесі ретінде сезінуін қалыптастыру қажет. Ата-әжелер үйде немере баққаны да дұрыс, дегенмен, білім көкжиегін кеңейтіп, жаны мен тәнін шынықтырып, көзқарастарын жаңа арнаға бағыттау үшін оларға «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» келіңіздер» деген кеңес айтар едім», - деді Байқоңыр ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Роза Байсалбаева.

Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада осы орталыққа келушілер ән айтып, би билеп, мерекенің көрігін қыздырды.