Елорда жаңалықтары

Елордада балаларды мектепке дайындауға бағытталған жоба жүзеге асырылып жатыр

Астанада мектеп жасына дейінгі балаларды мектепте оқуға дайындауға бағытталған жоба белсенді жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында елордада балабақша тәрбиешілері мен бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен бірқатар семинар өткізіледі. Мұндай жиын бүгін елордадағы №72 «Жанарым» балабақшасында ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Педагогикалық SABAQTASTYQ» жобасы аясында өткен семинар бастауыш сынып мұғалімдерін болашақ оқушыларымен таныстыру мақсатында өтті. Бүгінде №72 «Жанарым» балабақшасы мен С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясы, М.Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясы және І. Есенберлин атындағы №67 мектеп-гимназиясы арасында ынтымақтастық нығайып келеді.

№72 «Жанарым» балабақшасының меңгерушісі Әсел Әділбайқызының сөзінше, мекемеде 4 мектепалды даярлық тобы бар. 140 тәрбиеленуші биыл қыркүйекте 1-сыныпқа барады. 

«Бүгін біздің балабақшамызда тәрбиеленіп жатқан балалар өздерінің болашақ бастауыш сынып мұғалімдерімен танысып жатыр. Ол үшін біз балабақша аумағында орналасқан үш мектептің оқу-ісі жөніндегі орынбасарлары мен 4-ші сынып мұғалімдерін шақырып отырмыз. Себебі олар келесі оқу жылы 1-ші сыныпты қабылдайды. Олар тәрбиеленушілердің 1-сыныпқа дайындығын бақылайды. Біздің балабақшада 12 топ бар, оның ішінде 4-еуі  мектепалды даярлық тобы. Алдағы уақытта, яғни биыл қыркүйекте біздің 140 тәрбиеленушіміз 1-сыныпқа барады. Жалпы, мұндай семинарлар балалардың мектеп өміріне тез бейімделуіне, жан-жақты дайындалуға көмектеседі», - дейді балабақша меңгерушісі Әсел Әділбайқызы.

Семинар барасында балабақша тәрбиешілері әр топтағы тәрбиеленушілерге тапсырма бере отырып, олардың есте сақтау қабілеті, ой өрісі, сөздік қоры мен жалпы дамуын көрсетті. 

Әсел Әділбайқызы бұл жобаның қосар үлесі зор екендігін атап өтті. 

«Баршаға қол жетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасы аясында «Балабақша- мектеп» білім беру округтері жұмыс істейді. Ол - жақын орналасқан мектептерге балабақшаларды тіркеу. Осы жұмыс аясында балаларды мектепке дайындаудың 3 жобасы  жүзеге асырылады. Мәселен, «Педагогикалық SABAQTASTYQ» жобасынан бөлек,  «Adaptation days» және «Балақай мектебі» жобалары бар. Бұл бастамалар мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге, балалардың жаңа ортаға бейімделуін жеңілдетуге және олардың оқу жетістіктерін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде бала мектеппен танысып, болашақта ортаға тез бейімделіп, өзін еркін ұстауына көмек болмақ.   
Сонымен қатар балабақша мен мектеп арасындағы алшақтық жойылып, балабақшадағы мектепалды топ балаларын дайындау ерекшеліктерімен танысу мүмкіндігі бар», - дейді Әсел Әділбайқызы.