Елорда жаңалықтары

Елордада балалар мен жастарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

Бүгін Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 «Бүгінгі отырыста өзекті мәселелер қаралды. Біріншісі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастардың әлеуметтік бейімделуі, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау. Екіншісі – кәмелетке толмағандар мен жастар арасында суицидтің алдын алу шаралары. Комиссия жұмысына аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, сондай-ақ халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған қосымша шараларды әзірлеу және енгізу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға тапсырмалалар берілді», - деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.

Отырысқа қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, Ішкі саясат басқармасы  басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Илья Скуб, «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы Ботагөз Сұлтанова,  қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев, қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Самат Ибраев және т.б. қатысты.

«Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды әлеуметтендіру аясында басқарма тарапынан ересектер мен балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Елордада 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Оның ішінде 27 мыңы – ересектер, ал қалғаны – біздің балаларымыз. Жыл басынан бері Мансап орталығына мүмкіндігі шектеулі 535 жас жұмысқа орналасу мақсатында жүгінді. Оның ішінде 185 жұмыссыз жас әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды. Олардың ішінде жетеуі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 122-сі қоғамдық жұмысқа жіберілді, 2-і әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа тұрды, 13 жас жастар тәжірибесіне жіберілді, 1 адам қысқамерзімді курсқа жіберілді, 37-і «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуын бастады және 3 жас жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант иегері атанды», - деді Илья Скуб.