Елорда жаңалықтары

Елордада «Бала Қаныш» қойылымының премьерасы өтті

Астанадағы  Қуыршақ театрында «Бала Қаныш» қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Балаларға базарлық ретінде ұсынылған туынды ғұлама ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Қойылым авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова.

«Бала Қаныш» қойылымының мақсаты - Қаныш Имантайұлының есімін ұлықтау, ғалымның еңбегін насихаттау, бала Қаныштың балалық шағын дәріптеу, өскелең ұрпақты ғылым, білім, өнерге баулу.

Қойылым мультимедиялық дәріс түрінде ұсынылды. Яғни танымдық сипатта өрбіді. Онда Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбегі туралы әртүрлі мәліметтерді академиктің шәкірті, мұғалім-профессор әңгімеледі. Сондай-ақ сахнадағы экраннан деректер берілді. Мәселен, Семей мұғалімдер семинариясында оқығаны, онда Жүсіпбек Аймауытұлы, басқа да Алаш арыстарының тәрбиесін көргені, Ұлытаудан Әмір Темір тасқа қашап жаздыртқан жазуды тапқаны, музыка зерттеушісі Александр Затаевичке қазақтың 25 әнін бергені, геолог Михаил Усовтың әсерімен Томск технологиялық институтына оқуға түскені, «Едіге» жырын зерттегені, т.б. мәліметтер қамтылды.

 Ал қойылым негізінен белгілі адамдар да бала болғанын, олар да асық ойнап, доп теуіп, алаңсыз балалық шақты бастан өткергенін сипаттап, Қаныш Сәтбаевтың бөлек табиғаты мен болмысын дәріптейді. Оның кішкентайынан қоршаған ортаға, тау-тасқа құмар болып, нәтижесінде бала Қаныштан дара Қанышқа айналғанын көрсетеді.

«Ұлы тұлғаларымызды дәріптеуміз керек. Баланың санасы аппақ қағаз сияқты. Бала күнінде естіген ақпарат санаға тез сіңіп, өмір бойы ұмытылмай, мәңгілік сақталады. Қазіргі балалардың көбісі үйлерінде отырып, ұялы телефоннан, планшеттен көз алмайды. Қойылым арқылы табиғатқа шығудың пайдасын, оның қыр-сырын зерттеудің мәнін ұқтыруға тырыстық. Оның арғы жағында ұлы Абай «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, осы қойылымды тамашалаған балалар Қаныштай болуға талпынса екен деген ойымыз жатыр. Әрине, шығарманы жазарда біраз ізденіп, академик туралы еңбектерді оқыдым. Тарихты жазып отырмағандықтан, қызықты болу үшін қиялымды да қостым», - деді туынды авторы, жас драматург Қуат Ежембек.

«Бала Қаныш» қойылымы балаларды әсерлендірді. Бұл 2-сынып оқушылары Еркебай Хайрулла мен Аңсар Ғалымбектің сөздерінен байқалды.

«Қойылым қатты ұнады. Болашақта Қаныш Сәтбаевтай зерттеуші болғымыз келеді. Өзіміз де далада жатқан тастарды жинауды жақсы көреміз», - деді балдырғандар.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ