Елордада аумақтық қорғаныс бригадасының әскери жиындары өтіп жатыр
8–17 қыркүйек аралығында елордада аумақтық қорғаныс бригадасының әскери жиындары өтіп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің Instagram-дағы парақшасында жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жиынға 90 әскери міндетті – 17 офицер, 15 сержант және 58 сарбаз қатысып жатыр. Бақылау сапары аясында Астана қаласы мәслихатының депутаттары жиындардың барысымен танысып, қатысушылармен әңгімелесіп, дайындықтың үйлесімді ұйымдастырылғанына көз жеткізді.
Аумақтық қорғаныс әскерлері 2017 жылғы 13 маусымда құрылған. Негізгі міндеті – халықты, инфрақұрылым нысандарын және коммуникацияларды қарсылас әрекеттерінен, диверсиялардан немесе терроризм актілерінен қорғау. Құрылған кезден бастап тек Астанада ғана 1,2 мыңнан астам әскери міндетті дайындықтан өтті.
Әскери жиын барысында әскери міндеттілер келесі жаттығуларды пысықтайды:
• диверсиялық-барлау топтарын тосқауылдар, жасырын бекеттер және БПЛА қолдану арқылы тойтару;
• стратегиялық маңызды нысандарды – көпірлерді, станцияларды, жанар-жағармай қоймаларын күзету және қорғау;
• шартты қарсылас тарапынан қауіп төнген жағдайда елді мекендерді оқшаулау және тазалау;
• қала әкімдігі мен азаматтық қорғау қызметтерімен бірлесіп бейбіт тұрғындарды эвакуациялау және қорғау;
• ұшқышсыз ұшу аппараттарының жаппай қолданылуына қарсы іс-қимыл;
• аумақты бақылау, құжаттар мен көлікті тексеру, полициямен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Депутаттар жиын барысында әскери міндеттілердің киім-кешекпен, азық-түлікпен, медициналық қызметпен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Олардың жұмыс орындары мен еңбекақысы сақталады, ал жұмыссыздарға жергілікті бюджет есебінен ең төменгі жалақы төленеді. Мұның барлығы жиынға қатысушылардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етеді.