Елорда жаңалықтары

Астанада Қарттар күніне арналған концерт өтті

Халықаралық қарттар күніне орай Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында мерекелік концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шараның мақсаты – қариялардың ерен еңбегін дәріптеп, оларға деген ыстық ықылас пен ілтипатты көрсету.

Кешке арнайы қатысқан Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов елордалық қарияларды 1 қазан - Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.

«Астанада 135 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, қаһармандары, тыл еңбеккерлері және әскери іс-қимылдарының өкілдері де бар.  Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету - ата-бабадан келе жатқан парызымыз. Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдардың барында алауыздық болмайтыны, жастарымыз жөнсіз кетпейтіні белгілі», - деген Ерлан Каналимов әрі қарай Астана қаласында аға буынды қолдауға және олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың белсенді атқарылып жатқанын айтты.

Әсіресе, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының» жұмыстарына ерекше тоқталды.

«Қалалық билік және елорда мәслихатының депутаттары қарияларымызға ерекше назар аударады. Өткен жылы «Белсенді ұзақ өмір сүру» атты кешенді бағдарламаны қабылдадық, бұл бағдарлама зейнеткерлерге қолдау көрсетуге бағытталған. Бүгінгі таңда елордадағы бес белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 12 мыңнан астам зейнеткерге қызмет көрсетілуде. Мұнда 20 түрлі бағыттағы секциялар, спортзалдар, компьютерлік кабинеттер, вокал және шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылуда», - деді Астана қаласы мәслихаты төрағасы. 

 Концерт шымылдығы Құрманғазының атақты «Сарыарқа» күйімен ашылды. Мерекелік шарада қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық би ансамблі және филармонияның жеке орындаушылары көрнекті қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Олардың ішінде Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», Сыдық Мұхамеджановтың «Қырманға кел, қалқатай», Исаак Дунаевскийдің «Заздравная», Түркештің «Көңілашар» сынды және тағы басқа халық сүйіп тыңдайтын туындылары орындалды.

«Қарты бар үй - қазына» дейді ғой. Мемлекет тарапынан қарттарымызға деген құрмет жоғары деп есептеймін. Менің  86-да жаста  әкем, 84 жаста  анам бар. Олардың бір жылдық зейнетақысына үстеме қосылып жатады, әлеуметтік жағынан болсын, осындай мәдени-рухани жағынан болсын, қолдаулар көрсетіліп тұрады. Міне, бүгінгі концерт те сол үлкенге ізет ретінде ұйымдастырылған іс-шараның бірі», - деді Халық әні бөлімі әншісі, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Талабаев.

Кеш барысында «ALEM» заманауи би ансамблі мен филармонияның жеке солистері тыңдармандарға ерекше әсерлі музыкалық және хореографиялық қойылымдар ұсынды.

Концерттің көрігін халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов, Арайлым Рахым, Ұлықпан Жолдасов, Майра Ильясова және Гүлнұр Оразымбетова сынды өнер майталмандары қыздыра түсті.