Елорда жаңалықтары

Елордада Қарлығаш Бәкенқызының 80 жас мерейтойына арналған бенефис-концерт өтті

Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Есіл аудандық филиалында ҚР Мәдениет және өнер саласының үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Телерадио,  баспасөз саласының ардагері, «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблінің режиссері Қарлығаш Бәкенқызының 80 жас мерейтойына арналған бенефис-концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шарада жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек» пьесаларынан үзінділер көрсетілді. Мерейтой иесі Қарлығаш Бәкенқызы Айман бейнесін сомдап, Еңліктің монологын оқып берді.

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов мерейтой иесінің елордада атқарып жатқан қызметіне тоқталып, ардагер журналистің қалалық Ардагерлер ұйымының жұмысын, ардагерлерді насихаттаудағы еңбегі туралы айтты.

«Елордада қазір Ардагерлер ұйымына қарасты 7 ансамбль бар. Соның төртеуі «халықтық» атаққа ие. Биыл – Жеңістің 80 жылдығы. Соған орай осы ансамбльдердің басын қосып, үлкен концерт өткізу керек», – деді Сансызбай Есілов.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарлығаш Бәкенқызына Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің алғысхатын тапсырды. Ардагер журналист Бекен Нығметұлы Қарлығаш Бәкенқызына Қайнар ауылының әкімі мен мектеп директорының құттықтауларын оқып берді. Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб басқарма алғысхатын табыстады.  

Айта кетейік, Қарлығаш Бәкенқызы Семей педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Семей облыстық телевизия мен радио комитетінде бас­тап, тілші-редактор, диктор қызметтерін атқарды. Семей телестудиясының редакторы, жүргізушісі бола жүріп, бірнеше дүркін республикалық телефестиваль жеңімпазы атанды. Шығармашылық пен кәсіби жетістіктері үшін 1983 жылы Мәскеу қаласындағы Кеңес Одағының орталық «Останкино» телекомпаниясында арнайы курсқа жіберіліп, жартыжылдық тағылымдамадан өтті. Он жыл Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Коммунизм таңы» газетінің бөлім меңгерушісі болды. Одан кейінгі қызметі Қарқаралы аудандық мемлекеттік тіл басқармасының бастығы, аудандық мәслихаттың бас маманы, аудандық мәдениет бөлімінің режиссері болып жалғасты. Қарқаралы ауданында «Қайран жастық», Қарағанды қаласында «Көзкөргендер» ардагерлер ансамбльдерін құрып, көркемдік жетекші болды. «Ең үздік көркемөнерпаздар жетекшісі» аталымы бойынша Қарағанды облысы әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығымен марапатталды.

2013 жылдан бүгінгі күнге дейін Астана қаласындағы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының медиатоп мүшесі және Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблінің продюсері, режиссері. Осы ансамбльдің «халықтық» атағын алуына үлкен еңбек сіңірді.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ