Елорда жаңалықтары

Елордада ғалым Шерубай Құрманбайұлының жаңа кітаптары таныстырылды

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының 60 жас мерейтойына орай жаңа кітаптарының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ғалымдар, тіл жанашырлары бас қосқан іс-шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы құттықтау сөзімен ашып, алғашқы сөз кезегін ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаровқа берді.

Бауыржан Омаров өз кезегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті Шерубай Құрманбайұлы!

Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Өзіңізді әріптестеріңіз білікті ғалым, үлгі тұтарлық ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі. Сіз саналы ғұмырыңызды қазақ тілі мәселелерін жариялауға арнап келесіз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, кәсіби терминдерді қалыптастыруға, аударма саласының жаңа деңгейге көтерілуіне қосқан үлесіңіз мол. Ұлағатты ұстаздық қызметіңіз бен көп жылғы үздіксіз ізденістеріңіз өзіміздің елге, ғылыми еңбектеріңіз, оқулықтар мен монографияларыңыздың жас ғалымдар мен студенттерге тигізетін пайдасы зор. Алдағы уақытта еліміздегі оң өзгерістерге қолдау көрсетіп, жұртшылықтың құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін.

Сізге мықты денсаулық және отбасылық бақ-береке тілеймін», - деп жазылған құттықтау хатта. 

Бұдан соң «Алаш көсемі және ұлт тілі», «Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі», «Aлаш және терминтану», «Тілтанушы» және «Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар» кітаптарының авторы осы жаңа еңбектерінің мазмұнымен таныстырып өтті.

«Кез келген саланың мамандары сияқты ғалымдар да елдің, ғылыми қауымдастықтың алдында есеп береді. Бұдан он жыл бұрын осындай есеп берген болсақ, бүгін тағы жұмысымыздың нәтижелерімен таныстырудың сәті түсті. Бүгін соңғы жылдарда шыққан бес кітабым туралы айтылмақ.

«Алаш көсемі және ұлт тілі» атты кітабымда Әлихан Бөкейханның тілдік тұлғасы, қазақ әдебиетін, тіл саясатын дамытуға қосқан үлесі және XX ғасырдың басындағы ғылым тілінің қалыптасуындағы рөлі, сондай-ақ оның сөз қолданысы талданды.

«Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігіне» соңғы 30 жылдағы тіліміздегі жаңа атаулар мен қолданыстар кіріп отыр. Мұнда тіліміздің лексикалық, терминдік қорындағы өзгерістер мен жаңалықтар, тіліміздің немен толыққаны, қалай байығаны көрсетілді. Бұл – 30 жыл жинақталған еңбектің нәтижесі.  

«Aлаш және терминтану» кітабы 1910-1930 жылдардағы кезеңді қамтитын XX ғасырдың басындағы қазақ терминологиясының даму кезеңін көрсетеді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедұлы, Сұлтанбек Қожанов сияқты көптеген алаш тұлғалары жазған оқулықтар, құрастырған терминдер көрініс тапқан. 2008 жылы қазақ тілінде жарыққа шыққан еңбек толықтырылып, түрік тіліне аударылып, Анкарадан қайта жарық көрді.

«Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар» кітабында сирек қолданыстағы сөздер мен көнерген сөздер жинақталған. Бұл кітапты шәкіртім Мәрлен Әділов екеуіміз бірлесіп жаздық. Сөздікте осы уақытқа дейінгі лингвистикалық тұрғыдан ғылыми айналысқа түсе қоймаған, басы ашыла қоймаған, мағынасы анықтала қоймаған көнерген сөздер жинақталды. Олардың сол кезеңге тән ерекшеліктері көрсетіліп, көне түркі тілдерімен, орта ғасырдағы ескерткіштер тілімен салыстырыла жазылған еңбек.

Ал «Тілтанушы» кітабында ғылым және шығармашылық бағытындағы жазған еңбек жолым туралы ғалымдардың пікірлері мен мақалалары жинақталған», - деді филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы.

Іс-шарада аталған бес кітаптың тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.