Елорда жаңалықтары

Астанада мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған баспана салынады

Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алдағы үш жылда елордада мәдениет саласын дамытуға бағытталған кешенді жоспардың 59 бағытын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде мәдениет қызметкерлеріне арналған 200 пәтерлік шағын отбасылық тұрғын үйдің құрылысы, Қуыршақ театрына арналған 300 орындық үлкен және 150 орындық кіші залдардың құрылысы кіреді. «Наз» театрының қаланың орталығына көшірілуі, бірқатар музейлерге, театрларға, кешендерге және ескерткіштерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі,- деп жазды мәслихат төрағасы.

Сонымен қатар мәдениет нысандарына арнайы автокөліктер мен жабдықтар сатып алу көзделген.

«Сондай-ақ, кітапханалар жүйесін жаңғырту бойынша табысты басталған жұмыс жалғасын тауып, мәдениет нысандарына арнайы автокөліктер мен жабдықтар сатып алу, саладағы кадрлық әлеуетті дамыту шаралары көзделген. Құжаттың әрбір тармағының орындалуына жауапты ретінде елорда әкімдігі басқармаларының бірінші басшылары мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары бекітілді»,- деді Ерлан Каналимов.