Елорда жаңалықтары

Елордада Абай күніне арналған Домбыра Party кеші өтті

Астананың Арбатында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының және әкімдіктің қолдауымен, ұйымдастырушы Алмас Алтайдың бастамасымен Абайдың 180 жылдығына арналған Домбыра Party кеші өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

10 тамыз – қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай елордада бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған кезекті Домбыра Party іс-шарасы өтті. Бұл – 2012 жылдан бастау алған, ал соңғы үш жыл қатарынан дәл осы Абай күніне арналып өткізіліп жүрген ұлттық шара.  Домбыра Party-де Абай әндері мен өлеңдері орындалып, халық өнері дәріптеледі. Ұлы ойшылдың «Құлақтан кіріп бойды алар» деген өсиеті осы кеште жанды.

«Үш жыл қатарынан Абай күнін атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Домбыра Party өткізіп, Абайдың әндерін үнемі шырқап, өлеңдерін оқып тұруға тырысамыз. Биыл – үшінші жыл. Қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәкен Есіркепке «Сәке, осындай ой бар» деп айттым. Ол кісі қуана қолдады. Домбыра Party-ді әдеби жанрлармен байытып, ән мен өлеңді қостық. Тіл басқармасымен бірлесіп жұмыс істейміз. Сонымен қатар аудандық әкімдіктер – «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының ішкі саясат бөлімдерімен тығыз байланыстамыз», – дейді ұйымдастырушы Алмас Алтай.

Абай тек ақын емес, ол – ұлттың рухани тірегі. Кештің басты миссиясы – осы ұлық мұраны бүгінгі ұрпақпен байланыстыру.

Кешке Астана тұрғындарымен қатар, қала қонақтары да белсенді қатысты. Ұлттық киім киген, домбырамен күй шерткен, өлең шумақтарын жатқа оқыған қатысушылар рухани кештің сәнін келтірді.

«Бұл Абай мұрасын ғана емес, жалпы қазақтың ән өнерін ұлықтайтын ортаға айналып келеді. Астана – ұлтты ұйыстыратын алтын қазық екенінің тағы бір дәлелі осы», –  дейді ұйымдастырушы Алмас Алтай.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап 10 тамыз ресми түрде Абай күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеуге бағытталған. 

Сара Қамзаева