Елордада 200-ден астам жас сарбаз әскери ант қабылдады
Астана қаласында орналасқан 68665 әскери бөлімінің жас жауынгерлері бүгін салтанатты жағдайда әскери ант берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сарбаздар сап түзеп, ортаға шыққаннан кейін Қарулы Күштердің ардагерлері, Парламент депутаттары мен Халық Қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Отан Қорғаушылар алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, жауынгерлер рухына тағзым етті.
Бұдан кейін 200-ден астам мерзімді әскери қызметші өз туыстарының, командирлері мен әріптестерінің қатысуымен Отанға адал болуға ант берді.
«Ант қабылдау рәсіміңмен құттықтаймын. Антыңа берік бол. Ата-анаңның алдында, Отан алдында ант беріп жатқан соң оған асқан жауапкершілікпен қарау керек. Сенің аман-есен әскерден оралуыңа командир жауап береді», - деді сарбаздармен тілдесіп, ақылын айтқан Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.
Ерекше мақсаттағы бригада командирінің тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, подполковник Талғат Құлмановтың айтуынша, бүгінде әскерде сарбаздар мен ата-аналардың хабарласып тұруына мүмкіндік жасалған.
«Бүгін 211 әскери қызметші ант қабылдады. Жас сарбаздар бір ай көлемінде алғашқы әскери дайындықтан өтті. Енді әскери бөлімшелерге бөлінеді және 1 жыл бойы Астана қаласында орналасқан 36-шы ерекше мақсаттағы бригадада қызмет атқарады. Ата-аналардың уайымдауына еш негіз жоқ деп ойлаймын. Өйткені күнделікті хабарласып тұрады, аптасына 2 рет бейнеқоңырау арқылы 2 сағат көлемінде баласымен сөйлесу мүмкіндігі де қарастырылған. Бөлім басшылығы әрбір сарбаз үшін жауапты», - деді подполковник Талғат Құлманов.
Салтанатты рәсімге қатысуға өзге аймақтан келгендердің бірі Наушабай Нұрисламның анасы Феруза Құдайбергенова. Ол ұлы әскери міндетін өтеуге өзі құлшыныс танытқанын және анасы ретінде бұл шешімін қолдағанын жеткізді.
«Ұлым Шымкент қаласынан әскерге шақырылып отыр. Отан алдындағы борышын өтеуге жібергеніме еш алаңдамадым. Балам еліне адал қызмет етсе екен деп тілеймін. Бүгін ұлымды көріп, көзайым болып жатырмыз. Рота командирімен таныстым, баламның жағдайының жақсы екеніне көзім жетті. Бір айдың ішінде көп нәрсеге үйреніпті, бойында да ойында да көп өзгеріс бар. Әскерден кейін мемлекеттік қызмет атқарғысы келетінін айтты», - деді Феруза Құдайбергенова.
Бүгін ант берген жас сарбаздардың бірі Ықылас Мадияр Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу абыройлы міндет деп санайды.
«Әскери қызмет әрбір ер-азаматтың Отан алдындағы борышы, өзінің абыройы мен мақтанышы деп санаймын. Әскерде физикалық-тактикалық дайындықтардан бөлек спорт түрлерімен, мысалы футбол, волейбол, қоян-қолтық ұрысынан жарыстар өтіп тұрады. Басқа да әскери бөлімшелердің арасында турнирлер өтеді екен, оған да қатысып жүрміз. Демалыс күндері қалаға шығып, спорттық, мәдени шараларды тамашалаймыз. Өзім әскери қызметтің пайдасы зор деп ойлаймын. Себебі әскерден кейін жоғары оқу орындарына түсуге болады, мемлеткеттік қызмет атқаруға да мүмкіндік бар», - деді қатардағы жауынгер Ықылас Мадияр.
Салтанатты шара соңында қонақтар үшін әскери техниканың үлгілері мен әскерге шақырылушылар алдында жоғары сынып оқушыларының дефилесі көрсетілді.