«Елорда жастары» бағдарламасының қатысушысы үш бөлмелі пәтер иесі атанды
Ірі қалаларда тұрғын үй сатып алу – өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Осы бағытта қолға алынған «Елорда жастары» бағдарламасы елордада жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген шарттармен баспана алуға жол ашып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бағдарлама аясында баспаналы болғандардың бірі – 30 жастағы елорда тұрғыны – Әлібек Сенбайұлы.
«Бағдарлама туралы әлеуметтік желіден көріп қалдым. Оның шарттарымен танысқан соң, өз құжаттарымды тапсыруға шешім қабылдадым. Қажетті анықтамаларды онлайн алу мүмкіндігі болғандықтан, өтініш беру процесі аса қиындық тудырмады. Осылайша бағдарламаға ілігіп, 2020 жылы 42 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерге қол жеткіздік», – дейді ол.
Екі баланың әкесі Әлібек Астанадағы құрылыс компанияларының бірінде геодезист болып жұмыс істейді. Ол жалдамалы пәтердің бағасы өте қолжетімді болғанын атап өтті.
«Біз пәтер үшін коммуналдық төлемдерді қосқанда ай сайын 15 мың теңге шамасында төледік. Бұл нарықтағы бағалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Елордалық жастар үшін бұл өте тиімді шешім. Себебі Астанада жалдамалы пәтерде тұрып, бір мезетте жеке үйге ақша жинау оңай емес», – дейді ол.
Елорда тұрғыны жалдамалы баспана мерзімі аяқталғаннан кейін өз үйін сатып алған.
«Жалдамалы пәтерде тұрған кезімізде алғашқы жарнаны жинап үлгердік. Кейін «Елорда жастары» бағдарламасының қатысушыларына «Отбасы банк» арқылы ипотека алу мүмкіндігі берілетінін білген соң, тағы да қажетті құжаттарды жинап тапсырдым. Нәтижесінде, маған ипотека мақұлданып, үш бөлмелі пәтердің иесі атандым. Бұл бағдарлама жас отбасыларға үлкен көмек деп санаймын. Қазіргі кезде баспанаға бастапқы жарнаны жинау оңай шаруа емес. Ал бұл жобада пәтерге қаржы жинауға 5 жыл уақыт беріледі. Бұл жеткілікті уақыт деп есептеймін», – дейді ол.
Айта кетейік, «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы осыдан бес жыл бұрын іске қосылған. Бұл жоба елордада жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін баспанамен қамтуды көздейді. Бағдарлама аясында білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, полиция және басқа да мемлекеттік салаларда еңбек етіп жүрген, жасы 35-ке толмаған жастарға басымдық беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін Астанада тұрақты тіркеуде болу, соңғы бес жылда тұрғын үйдің болмауы және тұрақты табыстың болуы талап етіледі. Толық ақпаратты zhilfond.kz сайтынан немесе Тұрғын үй қорының ресми әлеуметтік желі парақшаларынан алуға болады.