Елорда полигондарына жарты миллион текше метрге жуық қар шығарылды
Елордаға қар түскеннен бері қалалық коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Күн сайын қар полигондарына ондаған мың текше метр қар шығарылады, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
20 қарашаға қараған түнге көшелерді қар мен мұздан тазартуға 800-ден астам арнайы техника мен 300-ге жуық жол жұмысшы шықты.
19 қарашадағы күндізгі ауысымда коммуналдық қызметтер қаладан 1 673 рейспен 21 мың текше метрден астам қар шығарды.
Қар жауғаннан бері қаладан 484 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 38 мыңға жуық ауыр жүк көлемін құрайды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз, - делінген хабарламада.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.