Елорда жаңалықтары

Елорда мектептерінде 80-ге жуық шахмат үйірмесі жұмыс істейді

Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Адылбаев қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Брифингте «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндалды.

Басқарма өкілінің мәліметінше, қалада пікірталас қозғалысын дамыту үшін 500-ге жуық іс-шара өткізілген. Бұл іс-шараларға оқушылар мен тәрбиешілерге арналған 120-дан астам оқу семинарлары, 50-ге жуық танымдық кездесулер, 276 мектеп, 11 ауданаралық және 9 қалалық турнирлер кірді.

«Сондай-ақ алғаш рет мектеп мұғалімдері арасында турнир өткізілді. Бұл білім алушылар мен педагогтар арасында аргументация, сыни ойлау және қоғамдық диалог дағдыларын кеңінен дамытуға мүмкіндік береді. Қалалық мектептердегі «ALTYN URPAQ»  жобасы тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлері, сондай-ақ домбырада ойнау, дәстүрлі ән айту, қазақ билері мен әндері сияқты ұлттық өнер түрлері арқылы ұлттық құндылықтарды таратуға және сақтауға бағытталған»,-деді ол.

Серік Адылбаевтың айтуынша, елорда мектептерінде балалардың зияткерлік ойлау және танымдық қабілеттерін дамыту үшін шахмат үйірмелері де табысты жұмыс істейді.

 «80-ге жуық шахмат үйірмесі оқушыларға стратегиялық ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан Шахмат федерациясының бастамасымен шахмат бағдарламасы 29 мектепте 1-4 сыныптардың вариативті компонентіне енгізілді. Бұл балалардың ақыл-ой қабілеттері мен логикалық ойлауының дамуына ықпал етеді. Жаңартылған «Біртұтас тәрбие" бағдарламасы 2024-2025 оқу жылынан бастап барлық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесіне сәтті енгізілді.  Бұл білім беру саласы мен тәрбие әдістерін дамытуға және жетілдіруге көмек береді»,-деді басқарма өкілі.