Елорда жаңалықтары

Елорда колледждерінің арасынан үздік волейбол командалары анықталды

Астанада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж базасында қыздар арасындағы волейбол жарысы аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Оған 13 колледждің студенттері қатысты. Спорттық іс-шара Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Турнир ҚР Қорғаныс министрлігі және «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өтті.

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің өкілі, запастағы генерал-майор Марат Нағұманов атап өткендей, жас қазақстандықтар өз елінің тарихын біліп, оның аты аңызға айналған ұлдарын есте сақтауы керек.

«Спорттық іс-шара жақсы дәстүрге айналған. Өткен жылы біз ұлдар арасында осындай турнир өткіздік. Мықты, дені сау және Отанға адал жастар – мемлекетіміздің одан әрі дамуы мен өркендеуінің кепілі», - деп атап өтті ол.

Турнир командалық рух, күш, ептілік және волейболшылардың спорттық шеберлігі басым болған қызықты, шиеленісті сәттерге толы болды. 

Жарыс қорытындысы бойынша «Астана халықаралық университеті» педагогикалық колледжінің командасы үздік деп танылды. Екінші орынды Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледж құрамасы иеленді. Үшінші жүлделі орынға Қазақстандық Халықаралық Лингвистикалық колледжінің волейболшылары ие болды.

Турнирдің жеңімпаз командасы мен жүлдегерлеріне кубоктар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.