Елорда жаңалықтары

Елорда көшелері тағы бір жаңа атаумен толықты

Бүгін Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев көшесінің және сол көше бойына орнатылған ескерткіш-тақтаның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тұлғаның туған күніне орайластырылған рәсімге Астана қаласы әкімдігінің, Энергетика министрлігінің өкілдері, мұнай-газ саласының ардагерлері, зиялы қауым және көрнекті тұлғаның отбасы мен туған туыстары қатысты. 

Аталмыш көше елорданың Есіл ауданында орналасқан. Ұзындығы – 1100 м. Түркістан көшесінен басталып, Ұлы дала даңғылында аяқталады.

Ашылу салтанатында алғашқы сөзді алған энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов Нұрлан Балғымбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Мұнай-газ саласының маманы ретінде жергілікті кадрларды даярлау, заманауи технологияларды енгізу арқылы мұнай-газ кен орындарын барлау, игеру, көптеген кәсіпорындар ашу секілді мұнай саласының өрлеуіне бағытталған қыруар жұмыс атқарғанын айтты.

«Нұрлан Өтепұлы қай уақытта да өзіне жүктелген істерді зор жауапкершілікпен, адалдықпен, парасаттылықпен атқарып, ел басқару ісіңде абырой мен құрметке ие болды. Артында қалдырған мол тәжірибесі, өнегесі ортақ игілік болып саналады. Елорда төрінде ашылып отырған көше – тұлғаның өшпес еңбегін насихаттап, есімін ұлықтауда жасалған маңызды қадам. Бұл – құрмет пен алғыс қана емес, жас ұрпаққа үлгі-өнеге», - деді Әлібек Жамауов.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қала басшысы Жеңіс Қасымбек пен өз атынан жылы лебізін жеткізді.

«Бүгін – шаһарымыздың қоғамдық-саяси өмірінде айтулы күн. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорда көшесіне тарихи тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімі беріліп отыр. Бұл көше қала тұрғындары мен қонақтары көп жүретін орталықта орналасқан.

Нұрлан Өтепұлы тәуелсіз Қазақстан тарихында қажырлы еңбек атқарған салиқалы саясаткер, мемлекетшіл тұлға еді. Әсіресе ел Үкіметін басқарған кезде көптеген игі реформаларды қолға алып, жұмысты жақсартуға көп үлес қосты. Ал мұнай-газ саласына жетекшілік еткен жылдары елдің инвестициялық әлеуетін көтеріп, салаға тың серпін берді. Ол саналы ғұмырын ел игілігіне, мұнай-газ саласын дамытуға арнап, абыроймен ғұмыр кешті. Өмірінің біраз бөлігін елордада өткізді. Осы қалада жүріп, маңызды шешімдер қабылдады. Атқарған көп ісі тәуелсіз ел тарихына алтын әріппен жазылғаны сөзсіз. Елге қызмет еткен қайраткерлерді ұлықтау, жас ұрпаққа насихаттау – қажет іс. Осы арқылы мықты азаматтар буынын тәрбиелей аламыз. Нұрлан Өтепұлының есімі ешқашан ұмытылмайды деп сеніммен айта аламын», - деді Есет Байкен.

Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері, мұнай-газ саласының ардагері, ғылым қайраткері Ұзақбай Қарабалин, Нұрлан Балғымбаевтың достары атынан Меңдеш Халелұлы, Балғымбаевтар әулетінің өкілдері, інісі Нұрберген Өтепұлы мен ұлы Төлеген Нұрланұлы сөз сөйледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ