Елорда күні 330-дан астам үлескер пәтер кілтін алды
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
-->
Жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған нысанды аяқтадық. «Тұран Сығанақ» тұрғын үй кешенінің құрылысы сонау 2014 жылы басталған. Үлескерлер 9 жылдан кейін барып баспанасының кілтін алды.
Нысан қабылданған кезде кейбір блоктарының құрылысы тіпті басталмаған да еді. Үлкен жүйелі жұмыс жүргізілді. Елорда күні қарсаңында 330-дан астам үлескер отбасының проблемасын шештік. Мұнда «Тұран Сығанақ» тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан бөлек құрылысы ұзаққа созылған өзге де нысандардың үлескерлері баспаналы болды.
Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй кешенін аяқтаймыз. Әр үйдің өзіне тән күрделі тарихы бар, дегенмен әрқайсысы бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Осылайша, 4 мыңға жуық үлескер-отбасының проблемасын шешеміз, - деп жазды қала әкімі.