Елорда жаңалықтары

Елорда білім беру мекемелері мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында артық құжаттарды талап еткен

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес, 1 сәуір мен 31 тамыз аралығында білім беру ұйымдарының бірінші сыныбына қабылдау басталған.

Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізіп, елорданың бірқатар мектептерінде оқуға қабылданатын құжаттар тізімінде қызметкерлердің мемлекеттік қызмет көрсетуді реттейтін нормативтік құқықтық актілерді білместік салдарынан артық құжаттарды талап етуге жол берушілікке, яғни бірінші сыныпқа қабылданатын оқушылардың ата-аналарынан қажеті жоқ анықтамалар мен құжаттар талап етілгендігі анықталды.

Қағидаларға сәйкес, оқуға қабылдау үшін ата-ана өтініші, №052-2/у «Бала денсаулығының паспорты» және №065/у «Профилактикалық екпелер картасы» медициналық анықтамалары және 3х4 2 дана фотосурет болуы тиіс, алайда негізгі құжаттарға қоса заңнамада көзделмеген №026, №063, №095 нысанды медициналық анықтамаларды, туу туралы куәлігінің көшірмесі, көк немесе ақшыл түсті файлды папка алып келу туралы өтінетін білім мекемелері де бар екендігі белгілі болды.

Бұл өз кезегінде қызмет алушыларды, яғни ата-аналарды қажеті жоқ анықтамаларды алуы үшін әуре-сарсаңға салып, уақыттарын өткізуіне тура келеді.

Осы негізде, Департаментпен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту және негізді шағымдарды болдырмау мақсатында Астана қаласының Білім басқармасына тиісті іс-шаралар қабылдау бойынша ұсыныстар жолданды.

Сондай-ақ, а.ж. сәуір айында білім саласындағы уәкілетті органдар мен Департамент басшылығы М.Қ. Қасымовтың қатысуымен 280-ге жуық елорданың білім беру мекеме басшылары мен өкілдеріне мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен көзделген талаптар бойынша құқықтық семинар өткізілді.

Жиын барысында мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде азаматтардан артық құжаттарды сұратпау және заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау жөнінде түсіндірме жүргізіліп, қатысушылар осы бағыттағы туындайтын сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Егер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Департаментке Сарыарқа даңғылы, 13, мекенжайы бойынша жазбаша түрде, не Е-Otinish азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы және ЕgovKzBot2.0 Тelegram-бот арқылы жүгіне аласыз.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 

Астана қаласы бойынша департаменті