Елорда жаңалықтары

Елорда базарларында азық-түлік бағасы қандай?

Енді Elordainfo.kz оқырмандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын салыстырып, өнімдерді қайдан сатып алу тиімдірек екенін біле алады.

Біз осы аптада қаладағы төрт базарға барып, ондағы бағаларға шолу жасадық. Шағын зерттеуімізге қаланың сол жағалауында орналасқан «Сауран» базары, оң жағалауда жаңадан ашылған «Көктал» сауда орталығы және елордалықтар жиі баратын «Астаналық» және «Шапағат» базарлары кірді.

Елорда базарларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларында сәл айырмашылық бар. Мысалы, қораптағы 2 келі ұн «Шапағатта» 800 теңге тұрса, «Астаналық» базарында 900 теңгеден сатылып жатыр. Ал «Сауран» мен «Көктал» сауда орындарында 1000-1200 теңге тұрады. Төрт базарда бөлке нан 170-180 теңгеден, ал макарон өнімдері 380-450 теңгеден сатылуда. Қарақұмықтың бір келісі 200 теңгеден басталса, күріштің бір келісін 490 теңгеге алуға болады. Күріштің бағасы өндірушісіне байланысты 700 теңгеге дейін жетеді. 

Ал көкөністердің бағасы қыста қымбаттайтыны белгілі. Картоптың бір келісін тек «Астаналық» базарында ғана 130-150 теңгеге алуға болады. Өзге үш базарда бұл көкөністің келісі 230-240 теңге тұрады.

Сәбіздің бағасы керісінше, «Астаналық» базарында қымбаттырақ: бір келісі – 200 теңге, ал қалған үш базарда 140 теңгеден сатылып жатыр.

Пияздың бір келісі базарларда 160 теңгеден басталады. Ең қымбаты – 200 теңге.

Сауда орындарында қырыққабаттың бағасы ұқсас, бір келісі 170 теңгеден басталады. Тек «Сауран» базарында 200 теңгеден сатылып жатыр.

Күнделікті сұранысқа ие қанттың бір келісі 390-450 теңге аралығында саудаланып жатыр.

Күнбағыс майы «Шапағат» базарында арзан тұрады, бір литрі – 850 теңге. Қалған үш базарда бағасы 1000 теңгеге дейін жетеді.

Байқағанымыздай, сиыр еті базарда 2400 теңгеден басталып, 2900-ға дейін барады. Ал ағзаға тез сінімді тауық етінің бір келісі 1350-1820 теңге тұрады.

Шағын зерттеуімізге сүйенсек, сүт «Астаналық» базарында арзан: бір литрі – 500 теңге. Өзге базарларда нақты сол өндіруші дайындаған сүт 520-580 теңге аралығында сатылып жатыр.

Тойымды айран бағасы 660 теңгеден басталып, 710 теңгеге дейін жетеді. 

Қолдың сары майы төрт базарда да бірдей: бір келісі 6000 теңге тұрады.

Ал ақуызға бай ақ ірімшік 1200-1300 теңгеден саудаланып жатыр.

Дәрумендерге бай жұмыртқаның 10 данасын «Астаналық» базарынан 800 теңгеге алуға болады. Бірақ өзге үш базарда баға арзанырақ: 750-760 теңге тұрады.

Кез келген тағамға дәм беретін тұздың бір келісі 110-200 теңге аралығында сатылып жатыр.

Айта кетейік, әр демалыс күндері таңғы сағат 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 12а мекенжайындағы «Көктал» сауда орталығында жәрмеңке ұйымдастырылады. Бұл күндері азық-түлік өнімдерін базар бағасынан да арзан сатып алуға болады.

P.S.Төмендегі кестеден азық-түліктің бағасын толығырақ біле аласыздар: