«Елордаға жасыл желек пен сұлулық сыйлаған»: «Астана-Зеленстрой» кәсіпорнына 75 жыл толды
Елордадағы Жастар сарайында «Астана-Зеленстрой» компаниясының 75 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға жергілікті билік өкілдері мен кәсіпорын ұжымы және қала тұрғындары жиналды.
Салтанатты жиында жиналғандарды мерейтоймен құттықтаған Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов табиғатты түлетіп, қаланың ажарын аша түскен «Астана-Зеленстрой» компаниясының 75 жылдығы тек кәсіпорынның емес, тұтас елорданың тарихымен үндескен еңбек мерекесі екенін айтып, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.
«Астана-Зеленстрой» компаниясының 75 жылдық тарихы – бұл еңбектің, бірліктің, сүйіспеншіліктің тарихы. Осы жылдар ішінде кәсіпорын елордаға жасыл желек пен сұлулық сыйлап, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға зор үлес қосты. Осы жолда аянбай еңбек еткен барша қызметкерлерге, ардагерлерге алғысымыз зор. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын!» - деді қала әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден «Астана-Зеленстрой» компаниясының елорда тарихындағы орны ерекше екенін, бұл қаладағы ең көне коммуналдық кәсіпорындардың бірі екенін атап өтті.
«Астана-Зеленстрой» – жай ғана кәсіпорын емес, қаланың көркі мен тазалығының, жайлылығы мен әсемдігінің нышаны. Дәл осы ұйым қызметкерлері еңбегінің арқасында Астананың көшелері, саябақтары мен гүлзарлары жасыл желекке бөленіп, алуан түсті гүлдермен көмкерілуде», - деді мәслихат төрағасы.
Іс-шара барысында мерейтойға орай қаланың қатаң климатына қарамастан, әр тұқымды гүлдетіп, жас шыбықты алып ағашқа айналдыру үшін кәсіпорында ұзақ жылдар бойы аянбай тер төккен ардагер туралы естелік кітаптың жарыққа шыққаны айтылды.
Сонымен қатар кәсіпорында қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген мамандардың да еңбегі елеусіз қалмады. Лина Сүлейманова, Гүлия Мырзабаева, Мейірхан Анарбаев, Ермек Аширбеков «Еңбек даңқы» орденімен, Генадий Ли, Гүлнара Сыздыкова, Константин Колисных, Мария Царева, Гүлмираш Ералиева, Қайрат Баукаев, Валентина Чунтонова, Атымтай Балтабай, Тлеулес Мадиярова «75 жылдық мерейтойлық медалімен», Наталья Пулова «Құрметті азамат» медалімен, Айгүл Хайруллаева, Наталья Титова «Еңбек үздігі» медалімен, Наталья Ермолина, Татьяна Бисерова, Серік Абулов, Ерлан Достанов «Елеулі еңбегі үшін» медалімен, Рүстем Токходжаев «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен марапатталды.
Концертте Маржан Арапбаева, Айгүл Иманбаева, Бауыржан Исаев, Қайрат Баекенов сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті.
Руслан Оралов басшылық ететін «Астана-Зеленстрой» компаниясында бүгінде 20 этнос өкілдерінен жиналған 2000-ға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын қызметкерлерге санаторий-курорттық емделу шығынының бір бөлігін өтейді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жазғы сауықтыру лагерьлерін ұйымдастырады. Еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Тегін стоматологиялық көмек те қарастырылған.