Электросамокатпен жүру ережесі қандай? Полиция департаменті түсіндірді
Қала көшелерінде электросамокат мінушілердің қатары көбейіп келеді. Қоғамдық ортада жылдам қозғалудың заманауи құралына айналған бұл көлік түріне қатысты тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі өзекті. Осыған байланысты Elorda.info Астана қаласы Полиция департаментінен ресми жауап алды.
Департаменттің мәліметінше, электросамокаттар мен мопедтерге велосипед жолымен немесе арнайы жолақпен жүру ұсынылады. Егер ондай жолақтар болмаса, жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен тек бір қатармен қозғалуына рұқсат етіледі.
«Полиция тротуар мен жаяу жүргіншілер жолағында сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүру қажеттігін ескертеді. Жолдың жүріс бөлігінде тек 18 жастан асқан азаматтардың ғана қозғалуына рұқсат берілген. Бұл ретте самокат тізгіндеген жүргізуші шлем киіп, оның бауын тағуы, сондай-ақ жарық шағылыстыратын элементтері бар киім киюі тиіс», - делінген мәлімдемеде.
Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері Астана қаласында электросамокаттардың қатысуымен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жолдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында түрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Қалада электросамокатқа арналған арнайы жолақтардың саны артқанымен, барлық аудандарда мұндай мүмкіндік жоқ. Бұл жүргізушілерді жолдың шетіне немесе тротуарға шығуға мәжбүрлейді. Ал бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілермен кикілжің мен жол апаты қаупін арттырады. Осы орайда тек ереже сақтау емес, жолда жүру мәдениетін қалыптастыру, өзге қатысушыларға құрметпен қарау аса маңызды», - делінген ресми жауапта.
Ақнұр Тұяқбай