Декларация Тәуелсіздік алуымызға себеп болғанын халық жақсы біледі – Кәрімбек Құрманәлиев
Республика күні қарсаңында Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев Ұлттық мерекенің маңыздылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақ елінің тәуелсіздігіне жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданған күні, яғни, 25 қазан - Республика күні деп белгіленіп, оған мемлекеттік мәртебе берілгеніне 2 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, елдің басты мейрамы еткені - халықтық қолдауға ие болғанын айтқанымыз абзал. Бұл Декларация бір жыл өткенде, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік алуымызға себепші болғанын жалпы жұртшылық жақсы біледі. Осы екі күннің де Қазақ елі үшін маңызы зор», - деді академик.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылы 25 қазан күні Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігін әлем мойындады.
«Халықтың биік рухын, берекелі бірлігін, ықыласты ынтымағын, тарихи тағдырын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жол ашатын Ұлттық мереке мәртебесінің мәнін түсіндіру арқылы жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтауға баулып, тағылымдық-тәрбиелік, отаншылдық қасиеттерді олардың бойына сіңіруге болады деген ойдамыз. Баршаңызды Ұлттық мереке - Республика күнімен құттықтаймын», - деді Кәрімбек Құрманәлиев.