Елорда жаңалықтары

Comic Con Astana-2025 фестиваліне 120 мыңнан астам адам қатысты

9-13 шілде аралығында Қазақстан астанасы Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет орталығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Comic Con Astana-2025 фестивалінің ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап.

Фестиваль Астана қаласы әкімдігінің және «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен өтті. Осы жылғы фестивальдің ерекшелігі – конвент алғаш рет бірден екі ауқымды алаңда: «Астана Арена» мен «Барыс Аренада» қатар ұйымдастырылды. Бұл шешім іс-шара ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, келушілерге ерекше әсер мен жайлы жағдай ұсынуға мүмкіндік берді.

Comic Con Astana фестиваліне 75 000-нан астам адам тіркелді, ал 120 000-нан астам адам қатысты. Бес күнге созылған іс-шара барысында көрермендер саны күн сайын артып отырды: бірінші күні – 13,5 мың, екінші күні – 15,5 мың, үшінші күні – 14,5 мың, төртінші күні – 19,5 мың және соңғы күні – 12,2 мың адам келді.

Фестивальге 36 елден 10 000-нан астам шетелдік қонақ қатысты. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Франция, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Тайланд, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Оман және тағы басқа елдер бар.

2019 жылы негізі қаланған Comic Con Astana аз уақыт ішінде Орталық Азиядағы ең ірі гик және поп-мәдениет фестиваліне айналып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер мен креаторларды бір алаңда тоғыстырды.

Comic Con Astana жыл сайын қонақтар саны, халықаралық жұлдыздар және экономикалық әсері бойынша өсіп келеді. Туристің қалада бір күндік орташа шығыны 118 мың теңгені құрайды, ал олардың орташа сапар ұзақтығы – 3 күн. Осылайша, шетелдік қонақтардың келуі есебінен елорда мен жалпы ел экономикасына күтілетін мультипликативтік әсері 3,5 миллиард теңгеден асады. Бұл мұндай ауқымды іс-шаралардың Қазақстанның мәдени және экономикалық дамуына үлкен үлес қосатынын көрсетеді.

Comic Con Astana-2025 фестивалінің басты хедлайнерлері қатарында Энди Серкис («Сақиналар әміршісі», «Маймылдар планетасы», «Бэтмен»), Эсай Моралес («Озарк», «Миссия невыполнима»), Скотт Эдкинс («Неоспоримый» фильмдерінің жалғасы, «Доктор Стрэндж») бар.

Арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Бумажный дом» сериалын түсірген режиссёр Мигель Анхель Вивас, «Гойя» марапатының бес бірдей салтанатты рәсімін ұйымдастырған продюсер Эмилио А. Пина, танымал видеоблогерлер Marmok, Qewbite, Настя Джексон, Антон Милс және әлемге әйгілі косплей шеберлері Яя Хан мен Cinderys және басқа да көптеген жұлдыздар бар.

Авторлар аллеясында және жәрмеңке аймағында 150-ден астам қазақстандық суретші мен қолөнерші өз жұмыстарын ұсынды. Олар – түрлі жанрларда еңбек ететін жас таланттар. Comic Con Astana жас суретшілер, комикс авторлары, аниматорлар, дизайнерлер мен ойын әзірлеушілер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын платформа ретінде өзін дәлелдеді, себебі олар осы жерде өз аудиториясын, серіктестерін және инвесторларын таба алады.