Былтыр әлеуметтік инспекторлар 2,6 мыңнан астам тексеру жүргізді
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 695 тексеру жүргізді, оның 741-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 751-і жоспардан тыс, 1 203-і прокуратураның талабы бойынша, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 1 087 ұйғарым берілді, сондай-ақ жалпы сомасы 230,3 млн теңгеден астам айыппұл түрінде 973 әкімшілік жаза қолданылды.
Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 178, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 112, мемлекеттік мекемелер – 117, балабақшалар – 470, мектептер – 805, колледждер, лицейлер – 145, ауруханалар, емханалар – 89, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 101, оңалту орталықтары – 11, дүкендер – 22, сауда үйлері – 39, ДК – 50, мәдениет үйі – 12, мұрағаттар, мұражайлар – 13, банктер – 12, кафелер, мейрамханалар, қонақүйлер – 33, нотариустар – 4, санаторийлер – 8, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері – 9, полиция пункттері – 8, стомалогия – 4, автобус паркі, авто/теміржол вокзалдары, әуежайлар – 9, кітапхана – 4, БЖСМ, спорт мектептері – 16 және басқалар қамтылды.
Мәселен, Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша мейрамханаға жоспардан тыс тексеру жүргізді.Тексеру қорытындысы бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.
Бұл ретте қазақстандықтар мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістерді байқауда.
«Қаламызда мүгедектігі бар азаматтар үшін қызметтерге қол жетімділік бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Мысалы, Атырау қаласындағы Халық банкінің филиалында тактильді көрсеткіштер, кіреберіс есіктер кеңейтіліп, кедергілер алынып тасталған. Сонымен қатар ғимаратқа еш кедергісіз кіріп, қызмет алуға болады, себебі мұнда өте ыңғайлы пандус орнатылған», – деп атап өтті екінші топ мүгедектігі бар Атырау қаласының тұрғыны Кенжебай Мұратов.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енген кезден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді.