«Блогермін» деп арзан дүниені сала бермеймін: елордалық мұғалім ұстаздық жолы туралы айтты
Әлеуметтік желілер арқылы балаларға оқу-білім үйретіп жүрген мұғалімдер саны артып келеді. Мектептегі жұмысынан бөлек, сабақ барысы мен оқу әдістемелерін видеоға түсіріп, өзгелерге үлгі болып жүргендердің бірі – елордадағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Назым Ирбаева.
Бүгінде әлеуметтік желіде 167 мың оқырманы бар ұстаз блогерлікті табыс көзіне айналдыруды еш ойламағанын айтады. Ол бастапқыда оқу-тәрбие барысындағы іс-шараларды өзі видеоға түсіріп жүрген. Кейіннен оқушылары фото-видео түсірудің қыр-сырын түсініп, қазір өздері ұсыныс білдіреді екен.
«Бүгінде әлеуметтік желіде белсенді болсам да, блогерліктен табыс таппаймын, ол туралы ойлаған да жоқпын. Көптің алдында мұғалім, ұстаз деген атпен қалғым келеді. Кейде көшеде, қоғамдық орындарда блогер екенімді ұмытып кетемін. Көбіне оқырмандарым өзі келіп, «сіз Назым Мақсатқызысыз ба?», «сізбен фотоға түссек» деп жатады. Есесіне анам мен жолдасыма «сіз Назым Мақсатқызының анасысыз ба?», «жолдасысыз ба?» деп сұрайды екен. Сол кісілер үйге мәз болып келіп айтып жатады»,- дейді ол.
Дегенмен Назым Ирбаева бүгінгінің классикалық мұғалім келбетін сақтап қалғысы келетінін айтты.
«Қазіргі әлеуметтік желілерде мұғалімдерді сайқымазақ, шоуға айналдырған. Сондай хайп қуған, арзан көріністерге қарап кейде қынжылатыным рас. Өзім «Блогермін» деп арзан дүниені әлеуметтік желіге сала бермеймін. Желіде белсенді болсам да, бүгінгі классикалық мұғалімнің келбетін сақтағым келеді. Кейде дайректке «Шіркін, менің балам Астанада оқыса ғой» немесе «Мен баламның сіздей мұғалімнен оқығанын армандаймын», «Сізбен бір мектепте әріптес болғым келеді» деген тақырыпта хаттар түседі. Мұндай пікірлер мені әрдайым қанаттандырады әрі күш-қайрат береді»,- дейді Назым Мақсатқызы.

Ол өзінің қалай блогер болып кеткенін айтып берді.
«Адам өзі «мен блогер бола қояйын» демейді-ау деймін. Барлығы қоғамның сұранысынан туады екен. 2016 жылдары Instagram парақшама тәрбиелік мәні бар ғибратты нақыл сөздерді салып жүрдім. Кейіннен өзімнің әңгімелерімді сала бастадым. Содан оқырмандарым көбейіп, әңгіме салмасам, «неге әңгіме жазбай кеттіңіз?», «әңгімелеріңізді сағындық» деп өздері іздейтін болды. Кейіннен орысша «притча» дейміз ғой, тәмсіл, өсиет әңгімелерді аударып сала бастадым. Одан кейін бестселлерлерді аударып салдым. Бірақ блогермін деп бәлендей ауыз толтырып айта алмаймын, оған қазақы ұяңдығым жібермей жатады. Видеоны да арнайы дайындықпен түсіріп салған емеспін. Қалай бар, солай мектеп өмірін сала беремін»,- дейді Назым Мақсатқызы.
Абай облысында дүниеге келген кейіпкеріміз ұстаздық жолда 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Елордаға 2019 жылы көшіп келген білікті ұстаздың бұл саланы таңдауына тікелей анасы әсер еткен.
«Менің мұғалімдік мамандығымның бастауы – өзімнің анам деп айтар едім. Бар өмірін бала оқытуға арнаған анам биология пәнінен сабақ берді. Анамның іс-тәжірибесі аудан, облыс, республика көлеміне тарап, еңбектерін газет-журнал бетінен көріп, оқып өстім. Анам мектеп жанынан жылыжай тұрғызып, көкөніс, жемістің түрлерін өсіріп, ауыл балаларын биология пәніне қызықтыра білді. Ерең еңбектері үшін «Қазақ ССР Оқу ісінің озық қызметкері», «Методист-мұғалім» секілді құрметке ие болды. Содан болар отбасындағы үшеуіміз де анамыздың жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдадық. Бүгінде отбасының ұстаздық еңбек өтілі 135 жылды құрайды»,- дейді ол.

Блогер ұстаз әр сабаққа тыңғылықты дайындалып, жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудан шаршамайтынын айтты.
«Мен әр сабағыма қанаттанып кіремін. Бұл – өз пәніме, шәкірттеріме деген сүйіспеншілік. Үнемі сабақта балаға нені оқытамын және қалай оқытамын деген ізденіс үстінде жүремін. Шәкірттерімнің сыни ойлау дағдысын дамытуда заманға сай түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді түрлендіріп қолданудан шаршамаймын. Сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану баланың пәнге деген қызығушылығын оятып қана қоймай, сыни ойлауға жетелейді. Қазіргі ақпарат көп заманда балалардың кітап оқуға деген құлшынысының бәсеңдегені рас. Осындай қиыншылықтан шығудың бір жолын өз пәнімнен іздедім. Бұл әдісті «Сөзмаржан» деп атадым. Онда оқушылар шығармадағы түрлі сөз тіркестерін теріп, мағынасы мен мәніне талдау жасайды. Байқағаным, үйге берілген шығармашылық тапсырманы балалар аса бір қызығушылықпен орындайды. Тіпті, сыныбымдағы оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығы оянды »,- дейді Назым Мақсатқызы.

Білікті ұстаздың шәкірттері мектеп бойынша «Ең кітап оқитын сынып» деген атаққа ие болған.
«Сондай-ақ бейсенбі күні сыныптың WhatsАрp чатында оқып жатқан әдеби шығармадан өзіне ерекше ұнаған үзінді, дәйексөз, мақал-мәтелдермен ортада ой бөлісіп отыруды төртінші жыл дағдыға айналдырдық. Алған ақпаратты эссе жазу кезінде пайдалануды ұмытпауды да ескерттім. Үй тапсырмасын оқу процесінің маңызды бөлігі деп қана емес, тәрбиенің маңызды бөлігі деп айтар едім»,- дейді елордалық ұстаз.
Назым Мақсатқызы оқушылардың ата-аналарымен берік байланыс орнату маңызды екенін атап өтті.
«Сынып жетекшісі ретінде өзімнің неше жылғы педагогикалық тәжірибемді «Үш қадам» деп атадым. Айтпағым, ата-анамен қоян-қолтық байланыста болу – жетістіктің баспалдағы. Ата-анаға берер кеңесім «Балаңыз – сіздің депозитіңіз!», сол депозитті толтыруға ата-ана жауапты, ал мектеп – күш беруші, мұғалім – дәнекер болушы. Үш тағандап жұмыс атқару – жетістіктің кілті. Бастысы, бала үш жақтың да жылылығын, қолдауын сезінуі керек. Ал білікті ұстаз болуды қалайтын әріптестеріме «Өз пәніңізді сүйіңіз» деп айтқым келеді. Әрқашан шығармашылық ізденісте жүретін мұғалімнің табысы да жоғары болады»,- деп түсіндірді блогер мұғалім.