Биыл Сарыарқа ауданында 255 аула жаңартылды
Бүгін Сарыарқа ауданын абаттандыру және даму мәселелері бойынша негізгі сұрақтар талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биыл 255 аула аумағында, сондай-ақ «Көктал» саябағында және оған іргелес орналасқан гүлзарларда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ауданның көше желісінің жалпы ұзындығы – 314 шақырым. Оның 268 көшесінде (284 км, 93%) асфальт жабыны бар, ал 47 көшесінде (18 км, 7%) асфальт төселмеген.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов ауданда жедел шешуді қажет ететін мәселелер атап өтті.
Оның айтуынша, су құбырлары желілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы; кәріз жүйесінің тозуы; электр беру желілерінің ескіруі; кабельдік желілердің жұмысына қатысты ақаулар; қоқыс шығаруды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын шығару жүйесін оңтайландыру қажеттілігі; контейнерлік алаңдарды жаңғырту; ауданның сәндік жарықтандыруы үшін бірыңғай формат пен жарық түс гаммасын әзірлеу керек.
«Барлық аталған мәселелерді жан-жақты зерделеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына енгізу қажет», - деді Е.Каналимов.