Елорда жаңалықтары

Биыл елордада қанша студенттік жатақхана салынды

Жыл сайын жаңа оқу жылы басталған уақытта жатақхана мәселесі көтеріледі. Өзге өңірден қалаға білім алуға келген студент үшін бұл маңызды мәселе. Әр жоғары оқу орнының студенттерге жатақхана берудегі өзіндік ішкі ереже-талаптары бар. Мәселен елордадағы жоғары оқу орындарында 95 мың студент оқиды. Олардың барлығын бір уақытта жатақханамен қамтамасыз ету мүмкін емес. Дегенмен қалада жатақхана мәселесі біртіндеп шешіліп келеді, деп хабарлады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астаналық жоғары оқу орындарында 95 мың студент оқыса, оның 49 мыңы өзге өңірден келген жастар.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, университеттер теңгерімінде 17487 төсек-орынды құрайтын 48 студенттік жатақхана бар. Университеттерде жатақханаға қажеттілік 2 488 орынды құрайды.

Астана қаласында биыл 1689 орындық 5 жатақхана салу жоспарланған. Дегенмен қазіргі уақытта жалпы 4200 төсек-орынға арналған 7 студенттік жатақхана ашылды.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Оның ішінде Халықаралық жастар күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттеріне арналған 400 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар Конституция күні қарсанында 2 студенттік жатақхана ашылды. Оның ішінде 100 орындық жатақхана «Тұран Астана» университетінің студенттеріне берілсе,  700 орындық жатақхана  Астана медицина университеті студенттеріне пайдалануға берілді. Сондай-ақ 125 орындық жатақхана Астана медицина университеті студенттерін қабылдады. Бүгінде онда 95 студент тұрып жатыр.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Басқарма мәліметінше, бұдан басқа «Астана-20» мемлекеттік қорының тапсырысы бойынша. Тәуелсіздік күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Евразиялық ұлттық университетінің студенттеріне 2656 орындық жатақхана ашылды.

Сонымен қатар елордада жатақхана құрылысы бойынша фронт-офис жұмыс істейді. Фронт-офистің негізгі міндеті – жатақханалар салу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету. Астана қаласы әкімдігі мен «Қаржы орталығы» АҚ қызметкерлері елордада жатақханаларды салу және қайта жаңарту үшін инвесторларды тарту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатыр.

фото: Астана қаласы әкімдігі

Одан бөлек 2025 жылы қалада 3400 орын құрайтын 7 студенттік жатақхана құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі елорданың жоғары оқу орындарына жатақханалар салу үшін жер учаскелерін бөлді. Атап айтқанда:

  • Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ: жалпы ауданы - 58 га ("Сарайшық» ауданы, «Интернациональный» тұрғын алабының оңтүстігінде, жобалық қуаты 12 000 студентке есептелген);
  • Astana IT University: жалпы ауданы - 7 га («Нұра» ауданы, Хусейн Бен Талал және Е102 көшелерінің қиылысы);
  • Астана медицина университеті: жалпы ауданы - 3,2 га («Сарыарқа» ауданы, Оқжетпес көшесі мен С325 қиылысы);
  • Esil University: жалпы ауданы - 0,2 га («Алматы» ауданы, Майқайын - Байырқұм көшесінің қиылысы);
  • Coventry University Kazakhstan: жалпы ауданы - 7,9 га («Есіл» ауданы, Хусейн бен Талал және Аңырақай көшелерінің қиылысы);
  • Педагогикалық университет: жалпы ауданы - 20 га («Есіл» ауданы, Қарқаралы тас жолы мен КА-41 көшесінің қиылысы).

Астана қаласының әкімдігі қаладағы жатақханалардың құрылысын бақылауды жалғастыруда.