Биыл елордада 6,5 шақырым су құбыры желілері ауыстырылды
Кез келген елді мекенде сумен жабдықтау және кәріз жұмысы маңызды инженерлік жүйелердің бірі болып есептеледі. Елордада халық санының артуы әсерінен құрылыс нысандарының саны өсіп, жыл сайын суды тұтыну көлемі ұлғайып келеді. Сәйкесінше инженерлік жүйелерде жұмыс тұрақты жүргізілуі тиіс. Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы Elordainfo.kz тілшісіне биыл қаланың инженерлік жүйелерінде атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
Басқарма мәліметінше, жыл басынан бері қалада сумен жабдықтау желілерінде ағымдағы жөңдеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек жалпы ұзындығы 6,5 шақырым болатын су құбыры желілерінің учаскелері ауыстырылған. Оның ішінде жалпы ұзындығы 0,254 шақырым болатын тұрғын үйлердің кіреберіс су құбыры ауыстырылған.
Елордада Үшінші сорғы-сүзгі станциясының іске қосылуы және Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісінің құрылысы аяқталуының арқасында судың қуат қоры тәулігіне 70-80 мың текше метрді құрайды.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, келесі жылы Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысын және «Тельман» сорғы станциясын кеңейту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар ұзақ мерзімді шаралар аясында Сәтбаев атындағы каналдан жаңа су құбыры жобалануда. Аталған жобаларды іске асыру қаланы 2035 жылға дейін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Қала өмірінде шаруашылық-тұрмыстық және жаңбырлы сарқынды суларды шығаруға арналған кәріз жүйесінің де маңызды зор. Мәселен елордада биыл ағымдағы жөңдеу жұмыстарынан бөлек, 4,2 шақырым кәріз желілерінің учаскелері ауыстырылды.
Елорданың нөсер кәріз жүйесі 18 тазарту құрылысынан және 1-ші жинақтаушы тоғаннан, ауданы 16,7 мың гектардан астам аумақты алатын жер үсті ағындарын бұратын 610,8 км болатын нөсер, дренаж және науа-арық кәріз желісінің магистральдық коллекторларынан тұрады.
Дегенмен нөсер жауын салдарынан бірқатар көше су астында қалатыны баршамызға мәлім. Мысалы, 2019 жылы қалада 245 проблемалы су басу учаскелері болған. Бүгінде нөсерлі кәріз жүйелерін салу және қолданыстағы тазарту құрылғылары мен коллекторларды тазартып, қайта жаңғырту арқылы қалада су шаятын төрт қана учаске қалған. Олар Рысқұлов көшесі, Тұран даңғылы, Триумф аркасы, Қорғалжын тас жолы.
Аталған мәселелерді шешу үшін елордада көктемде тәулігіне қуаттылығы 188 мың текше метр екінші кәріз-тазарту құрылғыларының құрылысын басталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар су бұруды қамтамасыз ету мақсатында «Көктал», «Өндіріс» тұрғын алаптарында және Индустриялық парк ауданында қосымша жалпы қуаттылығы шамамен тәулігіне 85 мың текше метр болатын үш жергілікті тазарту құрылғыларының жобалары әзірленіп жатыр.
Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, келесі жылы ұзындығы 4,73 км су құбыры желілері мен және 1,54 км кәріз желілері қайта жаңартылмақ. Сонымен қатар сорғы станцияларын жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламаны іске асыру жоспарлануда.
Су құбыры желілерінде 2025 жылы 171 дана құдықты жөңдеу, 265 ұңғыманы тазарту және 620 люкті орнату жоспарланған.
Сонымен қатар кәріз желілерінде 9200 дана құдықты тазарту, 530 құдықты жөңдеу, 57 км желілерді гидродинамикалық жуу жұмыстары көзделген.