Елорда жаңалықтары

Биыл бір тұрғынға шаққандағы қалдық жинау және сақтау нормалары қайта есептелді - Ерлан Каналимов

Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі  парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) шығару тарифі мәслихат шешімімен бекітіліп, 2020 жылдан бастап қолданыста. 

Оның негізінде қалдықтарды жинау және сақтау нормаларының есебі мен қалдықтарды өңдеумен айналысатын компаниялардың шығындары жатыр. Биыл бір тұрғынға шаққандағы қалдық жинау және сақтау нормалары қайта есептелді, олар соңғы 12 жыл бойы қарастырылмаған еді. Бұрын бұл көрсеткіш 2,16 текше метрді құраса, бүгінде ол 3,13 текше метрге жетті.

«Қазіргі таңда Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы мәслихат қарауына тарифтерді көтеру бойынша шаралар мен есептер топтамасын дайындап жатыр. Бұл қажеттілік бірқатар маңызды факторларға байланысты туындап отыр: қызмет көрсету шығындарының өсуі, инфрақұрылымға инвестиция салу, халық санының өсуіне байланысты қалдықтар көлемінің артуы, жергілікті бастамаларды қолдау және талаптар мен стандарттарды сақтау. Сонымен бірге, кейбір әлеуметтік осал топтарға арналған жеңілдіктер сақталып қана қоймай, кеңейтілетін болады», - деді Е.Каналимов.