Елорда жаңалықтары

Биыл Қазақстан құрамасының спортшылары 621 медаль жеңіп алды

Биыл соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша  Қазақстан құрамасының спортшылары әлем және Азия чемпионаттары, өзге де халықаралық жарыстарға қатысып, 621 медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

«Оның ішінде 213 алтын, 191 күміс және 217 қола медаль бар. Тоғыз айдың ішінде отандық спортшылар бірқатар тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Жыл басында Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных осы спорт түрінен тұңғыш рет чемпион атанса, ақпанда Қатар мемлекетінде өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында әртістік жүзуден аралас дуэт бағдарламасында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова тарихи нәтиже көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды. Наурызда шорт-тректен ұлттық құрама спортшысы Денис Никиша Роттердамдағы (Нидерланд) әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Бұл – шорт-тректен ел тарихындағы алғашқы күміс медаль. Бұған дейін бірде-бір спортшымыз мұндай жетістікке қол жеткізе алмаған еді», - деп жазылған хабарламада.

 

Сондай-ақ спорттық гимнастикадан Ташкентте өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Аида Бауыржанова аталған спорт түрінен ел қоржынына тарихи қола жүлдені салды.

«Маусым айында Үндістанның Гандинагар қаласында өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазыбек Нөгербек топ жарды. Ол мұндай жетістікке қол жеткізген еліміздегі төртінші шахматшы. Осыдан бұрын 20 жасқа дейінгі санатта Дәрмен Сәдуақасов (1998 жылы), Динара Сәдуақасова (2016) мен Жансая Әбдімәлік (2017) әлем чемпионы атанған. 26 шілде мен 11 тамыз аралығында ұлттық құрама спортшылары Париждегі XXXIII жазғы Олимпия ойындарына қатысып, 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте 43-орынға ие болды», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында спортшыларымыз XVII жазғы Паралимпия ойындарында өнер көрсетіп, 5 спорт түрінен 9 медаль (2 алтын, 3 күміс және 4 қола) олжалады. 8-13 қыркүйек күндері елордада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұйымдастырылып, әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысты. Айтулы аламанда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өткен 45-ші шахмат Олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Біздің команда соңғы турда АҚШ-пен 2-2 есебімен тең түсіп, 18 ұпай жинады. Әйелдер құрамасында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынға түсті.