Елорда жаңалықтары

Биыл Астанада тұтынушылардан 4 мыңға жуық өтініш түскен

Бұл туралы бүгін Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен қалалық  Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы  Нұрғали Егембердиев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Елімізде тұтынушы құқығы – басты назарда. Бұл мемлекет үшін осы саланың маңыздылығын көрсетеді. Билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлер  азаматтардың құқықтары және тауарлар мен қызметтерді тұтыну үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға белсенді байланыс орнатқан. Департамент өз қызметін екі бағыт бойынша жүзеге асырады: ішкі сауданы дамыту, реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында біртұтас, тиімді саясатты қалыптастыру» - деді спикер.


Егер тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған болса, ол сатушыға (өндірушіге, орындаушыға) бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, тауардың (жұмыстың, қызметтің) кемшіліктерінен келтірілген залалды өтеу және жағдайды ерікті түрде реттеу туралы шағыммен жүгінуге құқылы.


«Жыл басынан бастап Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушылардан 3 848 өтініш келіп түскен. «E-otinish» платформасы және электрондық үкімет порталы арқылы 2 151 өтініш түскен. Оның ішінде 1 431 тұтынушыға түсініктеме берілген, 370 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді, ал 350  тұтынушының мәселесі шешімін тапты. Тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтару сомасы – 160 млн.теңге» - деді басшы.