Биыл Астанада 50 көше жөнделеді – Жеңіс Қасымбек
Биыл жалпы ұзындығы шамамен 12,5 шақырым болатын жаңа жолдар салынады. Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қаланың жол инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып жатырмыз. Биыл жалпы ұзындығы шамамен 12,5 шақырым болатын жаңа жолдар салынып, ұзындығы 58 шақырымды құрайтын 50 көше жөндеуден өтеді. Бұл жол жабындысының сапасын арттыруға, көлік кептелісін азайтуға және қозғалыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді әкім.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінге дейін ұзындығы 49 шақырым болатын 41 көшеде жұмыс аяқталды. Мәселен, Абылай хан даңғылы А.Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейін, Фахд бен Абдул Азиз көшесі Байсейітова көшесінен Бейсекова көшесіне дейін, Сейфуллин көшесі Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейін, Жұмабаев көшесі Момышұлы даңғылынан Қошқарбаев даңғылына дейін, Бөкей көшесі Оқжетпес көшесінің соңына дейін, Ақбидай көшесі Қ.Кемеңгерұлы көшесінен Өндіріс көшесіне дейін және т.б.
«Негізгі нысандар: Ш.Бейсекова көшесі мен Н. Тілендиев даңғылының қиылысындағы көлік айрығы. Биыл жол өтпесінің және съездердің аралықтарын орнату жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұқар жырау көшесі (Жошы хан көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейін). Жоба толық жол инфрақұрылымын қамтиды: тротуарлар, жарықтандыру, бағдаршамдар, инженерлік желілер. Бүгінге дейін абаттандыру жұмысы жүргізіліп, асфальттың үстіңгі қабаты төселді, бағдаршам нысандары мен жарықтандыру тіректері орнатылды. Қазіргі уақытта қуат беру кабельдерін тарту, сондай-ақ «Заман» және «Ізет» тұрғын үй кешендері аумағында абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деді әкім.
Қайсенов көшесі (Ұлы Дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейін). Қайсенов көшесінде инженерлік желілерді орнату жұмысы аяқталды. Жарықтандыру бағаналары мен жиектастар қойылды. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Асфальттың алғашқы қабаты төселді. Жұмысты толықтай аяқтау қараша айына жоспарланып отыр.
Әйтеке би көшесі (Қ.Мұхамедханов көшесінен Сығанақ көшесіне дейін). Қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыру жұмысы жүріп жатыр. Іргелес аумақты абаттандыру жүргізілуде. Жұмысты толық көлемде аяқтау биыл қазан айының соңына жоспарланған.
Мұхамедханов көшесі (Қорғалжын тасжолынан Айтматов көшесіне дейін). Құрылысы өткен жылы басталды, ал биыл жол қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл ірі қиылыстардағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бүкіл учаске бойында жол жамылғысын төсеу жұмысы жүріп жатыр. 2025 жылы инженерлік желілерді толықтай орнату және Қорғалжын тасжолына дейінгі қозғалысты қамтамасыз ету жоспарланған.
Т.Рысқұлов көшесі (Мәңгілік Ел даңғылынан Нұра көшесіне дейін). Рысқұлов көшесінің аумағын абаттандыру жұмысы аяқталды. Жол бойына веложолақша салынды, сол сияқты Мәңгілік Ел даңғылынан Қайсенов көшесіне дейінгі аралықта асфальттың үстіңгі қабаты төселді. Сонымен қатар, бағдаршам нысандары орнатылып, жинақталған блокты трансформаторлы қосалқы станса салынды. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланып отыр.