«Бір шаңырақ астындамыз!»: Астана бүлдіршіндері Бірлік күнін атап өтті
Астаналық бүлдіршіндер Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бас қаладағы №69 «Еркем-ай» балабақшасының 2 мен 6 жас аралығындағы тәрбиеленушілері үшін «Бір шаңырақ астындамыз» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Балалар жас топтары бойынша мемлекет құраушы қазақ ұлты мен Қазақстанды мекендейтін әртүрлі ұлыстарға бөлінді. Мысалы, «Қарақат» кіші тобы – қазақ, «Ботақан» ортаңғы тобы – қырғыз, «Бәйшешек» ортаңғы тобы – корей, «Құлыншақ» ортаңғы тобы – орыс, «Жұлдыз» ересек тобы – ұйғыр, «Қарлығаш» ересек тобы – үнді, «Балбұлақ» ересек тобы – грузин, «Ақжол» ересек тобы – өзбек, испан болып киініп, сол ұлттың өнері мен мәдениетін көрсетті.
Кішкентай өнерпаздар Отан, бейбітшілік, достық туралы әндерден концерт, флешмоб, музыкалық-спорттық ойын-сауық қойды, суреттер салып, ашық хаттар жазып, безендірді, ойындар мен квесттер ойнады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мерекелік іс-шаралардың мақсаты – балаларға бүлдіршін кезінен Қазақстандағы ұлыстарды таныту, ұлттық-мәдени ерекшеліктерін білдіру, әртүрлі ұлттардың ұлттық тағамдарымен, ойындарымен, салт дәстүрімен таныстыру татулық пен достықтың маңыздылығын сезіндіру, тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту.