Елорда жаңалықтары

«Білім берудегі және басқарудағы трансформация»: Астанада ұстаздарға арналған конференция өтті

Қазіргі білім беру жүйесіндегі басқарудың жаңа моделін насихаттау мақсатында елордадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназиясында «Білім берудегі және басқарудағы трансформация» атты қалалық ғылыми-танымдық конференциясы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға елордадағы мектеп директорларының орынбасарлары, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдері, әдіскерлер қатысты.

Конференцияда жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының  кандидаты Ерболат Абсеитов, Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «ALQA» радиосының негізін қалаушы Серік Сейтман, Астана қаласы «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» тәрбие жұмысы бойынша координация және ұйымдастыру бөлімінің әдіскері Күнімбала Баяхметбаева, Дулат Бабатайұлы атындағы №89 мектеп-лицей директоры Бейімбет Мұхамедиев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейінің директоры Марс Аблезов, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей директоры Сәуле Үйсімбаева сынды бірқатар ғалымдар мен білім саласының мамандары баяндама жасады.

Баяндамашылар ұлағатты ұстаз, білікті басшы, №90 гимназияның тұңғыш директоры Ербол Іргебайдың білім беру саласына қосқан зор үлесі мен ұрпақ тәрбиелеудегі өнегесі туралы атап өтті.

«Ербол Ісләмұлы – ұлағатты тұлға, өзінің терең білімімен, парасатымен, адамгершілігімен дараланған азамат. Ол әрдайым білім мен тәрбиені қатар ұстанған, өзінің білімімен ғана емес, өнегелі болмысымен де өзгеге үлгі болған жан. Ұстаздық жолы мен қоғамдық қызметі арқылы көптеген шәкірттердің өміріне оң ықпал етіп, ұлттық тәрбиенің діңгегін нығайтуға үлес қосты. Жеке тұлғалық қасиеттері – сабырлылық, парасаттылық, әділеттілік оны көпшілік арасында сыйлы етіп, шынайы көшбасшыға айналдырды. Оқушының жан дүниесіне үңіле білетін, әріптестеріне де соны үйрететін. Ұстаз ретінде оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігін оята білсе, басшы ретінде ұйымшыл, дамуға талпынатын, үздіксіз жетіліп отыратын, рухани бай орта қалыптастырып, білікті ұжым құра білді. Оған Әлкей Марғұлан мектебін тәмамдап, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектер дәлел. Марғұлан мектебінің Астананың үздік мектептер қатарына кіруі де Ербол Ісләмұлының толассыз, тынымсыз, қажырлы еңбегінің жемісі дер едім», - деді Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей директоры Сәуле Үйсімбаева.

Айта кетсек, №90 гимназияның тұңғыш директоры Ербол Іргебай оның алдында Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектебі мен қалалық Оқушылар сарайының директоры қызметін атқарған. 2021 жылы 5 ақпанда 59 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Сонымен қатар конференцияда заманауи білім беру технологиялары, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды тиімді пайдалану тәжірибесі туралы айтылды.

Іс-шара барысында Гүлжанат Абдраманова басшылық ететін Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназиясында ұстаздарға арналған жаңа кабинет ашылды. Онда мектеп мұғалімдері оқушыларға білім берудегі заманауи құралдардың, жасанды интеллекттің тетіктері бойынша жасаған жұмыстарын таныстырды. Кабинеттің бір жақ қабырғасында тарихи тұлғалар сабақтастығы бейнеленсе, екінші қабырғасы заманауи бағытта безендірілген.