Елорда жаңалықтары

«Бес баламыз бар»: Астанада автобуста танысқан жұптың ерекше махаббат хикаясы

Бүгін – Ғашықтар күні. Осыған орай 13 жыл бұрын отау құрған елордалық жұп өзінің ерекше танысу хикаясын баяндап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

«Бізді таныстырған – транспорт саласы. Мен ол кезде кондуктор болып жұмыс істедім. Биыл отау құрғанымызға 13 жыл болды. Бір түсінгенім, өмірде ешкім кездейсоқ жолықпайды. Сондықтан жігіттер мүмкіндіктеріңізді жібермеңіздер», - деді №1 колонна жүргізушісі Таужан Естемесов.

Оның жары қазіргі кезде бақылау-желілік қызметінің бақылаушы-тексерушісі болып жұмыс істейді.

«2011 жылы студент болып жүргенде транспорт саласына  жұмысқа тұру ойымда болды. Бір күні автобуста отырған едім. Сол кезде жолдасыммен ойда-жоқта танысып қалдым. Осы саланы таңдап, жұмысқа тұруға қандай құжаттар керек екенін сұрастырып, кейін нөмір алмастық. Кейін қарым-қатынасымыз үлкен сезімге ұласты. Қазіргі кезде біз –  бес баланың ата-анасымыз», - деді Қазына Бедерова.