Елорда жаңалықтары

Байқоңыр ауданындағы шыршалар тұрғындарды қуанышқа бөледі

The final spritzer

Байқоңыр ауданындағы «Жастар» сарайының аумағы мерекелік іс-шаралар мен отбасылық серуендер үшін тамаша орынға айналды. Бүгін алаңда 18 метрлік шыршаның шамы жағылып, шаһардың жарығын самаладай жарқыратып жіберді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елорда көшелерінің күннен-күнге ертегідей кейіпке еніп бара жатқанына таң-тамаша болған тұрғындар мен қала қонақтары шамдары жалт-жұлт еткен осы алаңнан табылды.  

Олар жай айналадағы көріністі қызықтап қана қоймай, кешкілік бос уақыттарын мұз айдыны мен сырғанақта көңілді әрі белсенді өткізді.

Жарықпен безендірілген жан-жануарлар, ертегі және мультфильм кейіпкерлері пішіні қалалықтар үшін мерекелік фотосуретке түсу үшін таптырмас әдемі орын болды.  Ал Ататүрік атындағы саябақ пен Ж.Тәшенов көшесі шамдар мен сәндік элементтерге толы қысқы ертегі әлеміне айналғандай. Аумақта 20 метрлік шырша анадайдан жарқырап, мұз айдыны, сырғанақтағы үлкен-кішінің көңілді шуы қаланы ерекше думанға бөледі.  

«Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарында, «Қоянды» саяжай алабында 8 метрлік шыршалардың сұлулығы көз тартып, жанға жайлы атмосфера мен әдемі фотоаймақтар тұрғындардың көңілін серпілтетін тамаша орынға айналды.

Сонымен қатар аудан бойынша Кеншілер, 5 және Досмұхамедұлы, 6 мекенжайларында бес метрлік конус шыршалар орналасты, бұлар да жаңа жылдық көріністің көркіне көрік қосты.