Елорда жаңалықтары

Байқоңыр ауданында 13 қоғамдық кеңістік пайда болды

Бұл туралы Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Байқоңыр ауданында биыл 132 аулада жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл аудандағы жалпы аулалардың 60 пайызын құрайды. Атап айтқанда, 60 аулада кешенді абаттандыру жүргізілсе, 72 аулада күрделі жөндеу жұмыстары жасалған.

«Қала тұрғындарының жайлы демалысы үшін 13 қоғамдық кеңістік пайда болды. Оның 8-і бос балшықты жерге жаңадан жайластырылды, 5-і қайтадан кешенді абаттандырылды. Тұрғындардың пікірін ескере отырып, абаттандырудың жаңа және заманауи элементтері қойылды. 19 жаңа футбол алаңы, 38 жаттығу аймағы, 211 көше тренажерлері, 53 велотұрақ, 450 көлікке арналған 13 автотұрақ пайда болды. Халық қатысатын бюджет жобасы бойынша  22 жоба іске асырылды»,- деді Талғат Рахманберді.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл жаяу жүргіншілерге арналған көпір асты кеңістіктерін жайластыру жұмыстары толығымен аяқталған. Соның арқасында жағалау бойымен өту қауіпсіз және ыңғайлы болды.

 «Жастар сарайы маңындағы субұрқақтар толық жөндеуден өтті. Біз су басқан учаскелер мәселесін шешуді жалғастырып жатырмыз. Олардың 19-ы ретке келтірілген, қалған 18-і бойынша жұмыстар келесі жылға жоспарланған.

Биыл аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру аясында 100 мың м2 асфальт және 50 мың м2 асфальт төселгенін атап өту маңызды»,- деді ол.