Елорда жаңалықтары

Елордалық дәрігер адам папиллома вирусына қарсы вакцина туралы айтты

Жақында елімізде қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы екпе салу басталды. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Қандай жағдайда вакцинаны алуға болмайды? Неге екпені 11 жастағы қыздар алу қажет? Елордада осы уақытқа дейін қанша қыз бала екпе алды? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге сұрақтарына №15 қалалық емхананың Мектеп медицинасы бөлімінің меңгерушісі, педиатр Меруерт Үсембаева жауап берді. 

Жатыр мойнының обыры әйел адамдарда кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Елімізде жыл сайын 600-ден аса әйел бұл аурудан көз жұмады. Өкінішке қарай, бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер. Ал оны алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация.

«Вакцинациялау – бұл жеке және қоғамдық денсаулықты қорғаудың тиімді жолы.  Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папиллома вирусының жұқтыруына байланысты екендігі ғылыми дәлелденген. Бүгінгі таңда бұл вирустың емі жоқ. Тек алдын ала вакцина алу қажет»,- дейді Меруерт Үсембаева.

Педиатр маманның айтуынша, елімізде адам папиллома вирусына қарсы құрамында 6, 11, 16, 18 АПВ түрлерінен қорғанысы бар төрт валентті вакцинаны қолданылып жатыр. 

«Гардасил» вакцинасы төрт валентті вакцина болып табылады. Яғни ол адам папиллома вирусының ең қауіпті және кең таралған төрт түрінен – 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды.  ДДҰ ұсынысына сәйкес, АПВ вакцинациясының қажетті тобы – 9-14 жас аралығындағы қыздар. Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинациялау күнтізбесіне сәйкес ДДҰ ұстанымын және Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдарын ескере отырып, 11 жастағы қыздарға вакцинация жүргізіліп жатыр»,- дейді ол.

Осы орайда вакцина салудың алғашқы бастамасы ретінде неліктен 11 жастағы қыздар таңдалып отыр деген заңды сұрақ туындайды. Бұл жас ДДҰ онкологтардың ұсыныстарына сәйкес таңдалған. Яғни,  11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді. Бұл жаста жасөспірімде тұрақты иммунитет қалыптасады.

«Өндірушінің нұсқауларына сәйкес бұл вакцинаны енгізуге қарсы көрсетілімдер бар. Егер әсер етуші заттарға немесе вакцина құрамына кіретін кез келген қосалқы заттарға жоғары сезімталдық болса екпе алуға болмайды. Сонымен қатар, осыған дейінгі қабылдаған вакцинаға анафилактикалық реакция және  жіті инфекциялық ауру, орташа немесе ауыр дәрежедегі созылмалы аурудың өршуі болса вакцина алуға болмайды. Сондай-ақ, дене температурасы 38°С жоғары болса екпе салмайды»,- деп түсіндірді педиатр. 

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыркүйектен бастап, яғни вакцинация басталған күннен бастап  адам папиллома вирусына қарсы 4600-ге жуық қыз вакцина алды.

 «Бүгінгі таңда  елордада вакцинаның 12 мыңнан астам дозасы бар. Жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға қала бойынша барлығы 13 мыңға жуық 11 жастағы қыздар жатады. Сондай-ақ 12 -13 жас аралығындағы қыздарға толықтыра иммундау қарастырылған»,- деп жазылған басқарма хабарламасында.

Адам папиллома вирусына қарсы егу білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде тегін салынып жатыр. Аталған екпе тек  ата-ананың келісімі бойынша, яғни рұқсат қағазға қол қойғаннан кейін ғана салынады. Сонымен қатар, тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрған емханаларда да вакцина алуға болады.
Меруерт Үсембаеваның сөзінше, елордалық ата-аналардың көбі вакцина алуға келісім беріп жатыр. 

«Ақпараттық жұмыс қыздармен де, олардың ата-аналарымен де жүргізіледі. Вакцинация тек ата-аналардың келісімімен жүзеге асырылады. Әрине, вакцинаға қарсы ата-аналар бар. Олардың көбі вакцинаға үзілді-кесілді қарсы емес, көбі біраз уақыт күтеді. Вакцинаны алғандарда  жанама әсерлердің жоқтығын  бақылайды. Қазіргі вакцинация кезеңінде көптеген ата-аналар өз келісімін беруде. Олар бұрын вакцина алғандардың, жатыр мойны обырына шалдыққандардың әңгімелерін оқып, тыңдайды. Кейін келіп, бас тартқан қағазын қайтарып алып, келісімін жазады. Вакцинациядан кейін кез келген инъекциядан кейінгі сияқты, екпе орнында 2-3 минут ішінде аздап ауырсыну сезілуі мүмкін. Алайда, АПВ-ға қарсы вакцина алғаннан кейін қыздарда тіпті гиперемия, яғни қызару байқалмады»,- дейді ол. 

Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, адам папилломавирусына қарсы вакцина 135 елде қолданылған.  ТМД елдері бойынша Армения, Грузия, Молдава, Түрікменстан, Қырғыстан, Өзбекстан елдерінде де вакинация  күнтізбесіне енгізіліп, қолданылып жатыр. 
Әйел адамның денсаулығы ұлт саулығына тікелей байланысты. Сол себепті әйелдердің жатыр мойны обырын тіркеу жағдайларын қысқартуға мүмкіндік беретін екпені алу маңызды.