Елорда жаңалықтары

«Астанада театрға келушілер қатары артып келеді»: Ақерке Жұманбаева

Дүниежүзілік театр күніне орай Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласы Мәдениет басқармасы мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаевадан елордадағы театрлардың тыныс-тіршілігі туралы сұрап-білді.

Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігіне қарасты 7 театр бар.  Олар: Жастар театры, «Наз» мемлекеттік би театры, Қуыршақ театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры, «Қанаттылар» инклюзивті театры.

«2024 жылы астаналық театрлар 1013 қойылым қойды. Олардың қатарында 24 премьера бар. Атап айтсақ, «Қаракөз», «Күшік күйеу»,  «S.O.S», «Танакөз», «Ақан Сері», «Бала Қаныш», «Независимые», «Сүйікті етші, сүйіктім», «Ақ кеме», «Сылаң қыз», «Махаббат жағалауы», «Жалдамалы пәтер» және т.б. Инфрақұрылымға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға және театрлар репертуарын жаңартуға ерекше назар аударылады. Нәтижесінде өткен жылы  елорда театрлары көрермендерінің саны 30%-ға өсіп, 425 мыңнан астам адамды құрады», - деді Астана қаласы Мәдениет басқармасы мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева.

Мәселен, «Гауһартас» спектаклі 270 рет қойылды. Музыкалық жас көрермен театрының бұл қойылымы рухани-мәдени кеңістікте ерекше шам болып жағылғаны рас. Қойылым бір жыл он айдың ішінде Қазақстан мен Еуразияның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Фото: Астана қаласы Мәдениет басқармасынан

Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтіп, осы уақытқа дейін 100 мыңнан астам көрермен тамашалады. Қойылым елордадан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен  қалаларында және Баянауыл, Ойыл, Сырым, Қаратөбе аудандарында көрсетілді. Сондай-ақ Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында сахналанды.

Одан бөлек,  «Гауһартас» музыкалық драмасы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясы бойынша «Үздік спектакль» атанды.

Фото: Астана қаласы Мәдениет басқармасынан

Драма отбасылық құндылықтардың мәнін ашып, әйелді құрметтеудің маңыздылығын арттыруды мақсат тұтады. Қазақ халқының қарапайым шаңырағының өмірі мен тыныс-тіршілігі арқылы адамдардың жан дүниесін ашып көрсетеді. Қойылымның идеясы – шаңырақтың бақыты мен махаббатын қорғау.

«Танакөз» қойылымы да аз уақытта  көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп үлгерді. Ол жарты жыл ішінде 10 рет қойылып, 7100 көрермен жинады.  Бүгінгі таңда астаналық театрлардың репертуарында 199 спекталь бар. Олардың 88-і отандық авторлардың, қалған 94-і шетелдік авторлардың шығармалары бойынша қойылды. Балаларға арналған спектакльдер – 75, ересектер үшін – 124. Сондай-ақ биыл 21 премьералық қойылым мен 12 гастрольдік сапар жоспарланып отыр», - деді бөлім басшысы.

Фото: Астана қаласы Мәдениет басқармасынан

Қазіргі кезде театрларға келушілердің қатары артқан. Тіпті кейбір қойылымдарға билетті ерте алып қоймаса, болмай қалуы мүмкін.

«Болмаған балалық шақ» қойылымы –  танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабының негізінде  сахналанды.  Кітап 2018 жылы жарық көріп, оқылымды туындыға айналған. Бұл Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында 2023 жылдың мамыр айында сахналанды. Қойылымның режиссері – Әли Бидахмет», - деді спикер.

Бұл  повесте ақын балалық шағында бастан кешкен тағдырын  боямасыз ақ қағазға түсіріп, өз өмірін суреттеген.

«Танымал ақынның шынайы өмірден алынған балалық шақ жайлы шығармасы әуелі көркем әдебиетке айналып, бестселлерлер қатарынан көрінді. Кейіннен театр туындысы ретінде өз көрерменін тауып, шығарманың әр қойылымы аншлагпен өтті. Нәтижесінде  бүгінде танымал шығарма экранизацияланып, отандық кино әлеміне сапарын бастады. 27 ақпаннан бастап «Болмаған балалық шақ» фильмі Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады», - деді Ақерке Жұманбаева.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында елімізде театр өнеріне қызығушылық артып жатқанын айтқан болатын.

«Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды.Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді.Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады.Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды.Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.