Елорда жаңалықтары

Азамат Жылтыркөзов: Астанада көптеген армандарым орындалды

Астана қаласы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, Қазақ ұлттық өнер университетінің вокалдық өнер кафедрасының профессоры Азамат Жылтыркөзов елорда тұрғындары мен бүкіл қазақ елін Астана күнімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

«Елорда тұрғындарын, қонақтарын, бүкіл қазақ елін Астана қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Астанамыз - әрдайым елдің жүрегі.

Менің ойымша, әр қазақстандық Астанада тұрғысы келеді. Біз, өзіміз де Талдықорған қаласынан, қазіргі Жетісу өңірінен көшіп келдік. 2001 жылдан бастап осы Астанада тұрамын. 8-сыныпты бітіріп, арман қуып елордаға отбасымызбен көшіп келіп, Қазақ ұлттық академиясына хор-дирижерлік мамандығына оқуға түстім. Кейін вокалдық жеке ән салу мамандығына ауыстым. 

Мен үшін Астананың орны ерекше. Менің бүкіл осы күнге дейін жеткен жетістіктерім елордамен байланысты. Осы жерде колледж бітірдім, ЖОО бітірдім. 2006 жылдан бастап ең алғашқы жұмыс орным - астаналық филармонияда солист ретінде еңбек етемін. 

Астанада көптеген армандарым орындалды. Осында келіп, оқып-тоқып, үйленіп, өсіп-өндік.

Қала жылдан-жылға көз алдымызда көркейіп келеді. Жаңадан зәулім-зәулім мәдениет орталықтары салынып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. 

Осындай жыл сайын жаңғырып жатқан елордамыздың көркеюіне, Қазақстан мәдениетінің көркеюіне біз де өз үлесіміздң қоса бермекпіз», - деді Азамат Қайратұлы.