Елорда жаңалықтары

Елордада референдумға дайындық барысы пысықталды

Астанада Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің қатысуымен 6 қазанға тағайындалған референдумды дайындау мен өткізу мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте өңірлерде референдумның өтуін материалдық-техникалық қамтамасыз ету, электоралды кезеңде заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалды.

Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңалықтарды және осы науқанның ерекшеліктерін түсіндірді, сондай-ақ комиссиялардың барлық мүшелерін үздіксіз және сапалы оқыту қажеттілігіне назар аударды.

ОРК басшысы комиссияларды үй аралау және дауыс берушілерге жеке шақыру қағаздарын тапсыру қажеттілігін ескерте отырып, алдағы республикалық референдум туралы азаматтарды жүйелі және уақтылы хабардар етудің маңыздылығына тоқталды.

«Республикалық референдумға дайындықтың аяқталу сәті де жақындап қалды. Орталық референдум комиссиясының барлық мүшелері, аппарат қызметкерлері еліміздің бүкіл өңірлерін аралап жүр. Бұл жұмысымыз да өз мәресіне жетіп қалды. Осы аптаның соңында толығымен аяқтаймыз деп ойлаймын. Мұндағы біздің мақсатымыз - өңірдегі 10 мыңнан астам дауыс беру учаскелерінің дауыс берушілерді 6 қазанда күтіп алуға дайындығына көз жеткізу. Сонымен қатар, бірсыпыра өңірлерде көктемде су тасқынынан зардап шеккен жерлер бар. Соның бәрін зерделеп, көріп шықтық. Атырау, Батыс Қазақстан облысындағы қалалар мен ауылдарда болдым. Жөндеуді қажет ететін учаскелер жөнделді, барлығы толық дайын, кейбірі басқа учаскелерге ауыстырылды. Жергілікті атқарушы органдар бұл іске заңға сай өздерінің үлесін қосып жатыр. Учаскелер тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Осының ішінде біздің ерекше қарайтынымыз - мүгедектігі бар адамдар.  Сол себепті зағип немесе есту қабілеті бұзылған т.б. азаматтарға барлық жағдай жасалып жатыр. Брайн шрифтін танитындарға арнайы трафереттерді дайындап қойдық. Сонымен қатар, брайн шрифтін танымайтындар үшін 10 мыңнан астам учаскеде жай трафереттер бар.  Сол арқылы олар аудио көмекшімен өздері дауыс бере алады. Себебі біз жасырын дауыс беруді қамтамасыз етуіміз керек.

Тағы бір үлкен шаруа, ол – 70 мыңнан астам учаскелік комиссия мүшелерін оқыту. Оның ішіндегі 12 мыңнан астамы мәслихаттардың шешімдерімен желтоқсан айында сайланған болатын. Сонымен қатар, басқа да мүшелерді толыққанды оқытып шығуды 3 қазанға дейін аяқтауымыз керек.

Жалпы, референдумға дайындық қарқынды өтіп жатыр деп айта аламын. Есепті видео байланыс арқылы 4 қазанда тыңдаймыз. Нақты қорытынды сонда жасалады», - деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сондай-ақ ол 17 шілдеде референдум туралы заңға өзгерістер енгізілгенін айтты. Оның ішінде журналистерді аккредиттеу, қоғамдық ұйымдардың байқаушы ретінде жұмыс істеуі, қоғамдық пікірді анықтау үшін сауалнамалар жүргізу жөнінде бұрын болмаған өзгерістер енген. Оның айтуынша, ең маңыздысы, жеке адамдардың, сайлаушылардың құқығын қорғауға мән беріледі. Егер азаматтар «құқығым бұзылды» деп құзырлы орындарға жүгінетін болса, ол шағым жедел қаралатын болады.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қазіргі таңда елордада 906 936 дауыс беруші тіркелгенін айтты. Аумақтық сайлау комиссиясымен бірлескен қала әкімдігі 464 сайлау учаскесін дайындады. Оның мәліметінше, барлық сайлау учаскелері үздіксіз байланыс көздерімен және қажетті электр қуатымен қамтамасыз етілген.

«Қаламызда сайлау кезінде ерекше жағдайды қажет ететін 2 734 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы бар. Барлық учаскелерде пандустар орнатылған. Дауыс беру күні 22 сурдоаудармашы қызмет көрсетіп, қажеттілікке орай 16 инвотакси ұсынылатын болады. 25 дауыс беру учаскесінде мекенжайы бойынша тіркелмеген сайлаушылар үшін онлайн-сервистер ұйымдастырылады. Сондай 344 учаскеде азаматтардың тіркелген мекенжайын тексеру бойынша онлайн-сервистер жұмыс істейді. Ал референдумды өткізуге 470 комиссия атсалысады. Орталық референдум комиссиялары беретін бюллетеньдер нормаға сәйкес 3-5 қазан аралығында сайлау учаскелеріне жеткізілетін болады», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Ол маңызды іс-шараны ақпараттандыруға 50 интернет-ресурс, 5 республикалық телеарна, 2 радио торабы жұмылдырылатынын айтты.

Бұдан басқа әлеуметтік қорғау, прокуратура, полиция өкілдері референдумға дайындық барысы туралы баяндама жасады.

Семинар-кеңесте байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін тиісті жағдай жасаудың маңыздылығы мен электоралды процеске қатысушылардың барлығының дауыс беру учаскелерінде тәртіп пен ережені қатаң сақтауы қажеттігі ескертілді.