Қайырымдылық күні: Астанада қарт спортшыларға құрмет көрсетілді
Бүгін «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында, 15 наурыз – Қайырымдылық күніне орай, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелер бірлесіп, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қарт спортшыларды Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында ардагерлермен жүздесіп, тоғызқұмалақ, дойбы, бильярд ойнап, ән айтып, емен-жарқын әңгімелесіп, оларға құрмет көрсетілді. Ардагерлер өз алғыстарын білдіріп, жастарға ақ баталарын берді.
"Бізді елеп, арнайы келіп, сыйлықтар әкеліп, қуаныш сыйлағандарыңызға рақмет! Жастар, сендерге өмірдің барлық жақсылығын тілейміз. Дендерің сау болып, елге адал қызмет етіңдер!" – деп ақсақалдар ағалық-апалық ақ тілектерін жеткізді.
Іс-шара барысында қарттарға шағын сый-сияпаттар тарту етіліп, олар үшін ерекше мерекелік атмосфера ұйымдастырылды.
"15 наурыз – қайырымдылық, мейірім мен тату көршілік тақырыбына арналған Қайырымдылық күні. Бұл күні жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған жаппай қайырымдылық шаралары өтеді. Осы орайда біз «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қарттарымызға аз да болса мерекелік көңіл-күй сыйладық. Қарияларға құрмет көрсету – біздің парызымыз! Олардың ақ батасы – біз үшін ең үлкен марапат!" – дейді қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Айта кетейік, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты бірнеше мекеме Қайырымдылық күні аясында көпбалалы аналарға, сондай-ақ мекемеде тазалық жұмыстарына қызмет етіп жүрген жандарға құрмет көрсетіп, азық-түлік таратып, қуаныш сыйлап жатыр.